- Негізгі бет
- Спорт
- Илья Ильин Ауыр...
Илья Ильин Ауыр атлетика федерациясын басқармайтын болды
Бүгін, 17 наурызда Астанада Ауыр атлетика федерациясының сайлау конференциясы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуеліде федерация президенттігіне екі үміткер – Илья Ильин мен Гаджи Гаджиев жарияланды. Алайда кандидаттардың бастамасымен және федерация мүшелерінің қолдауымен Түсіпбеков Жанат Рашидұлына федерацияны басқару ұсынылды.
Федерация мүшелері, 26 адам Жанат Түсіпбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Бұл туралы Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жанат Түсіпбеков 2013 жылдан 2022 жылға дейін ҚР Ауыр атлетика федерациясын басқарған. Оның басшылығымен біздің команда сегіз олимпиада медалін жеңіп алды (2016 жылы алты, 2020 жылы екі).
"Бүгін маған білдірген қолдау сөздеріңіз бен сенімдеріңіз үшін көп рақмет. Бүгін біз бірігіп, әркімнің мүддесін ескере отырып, бір мақсатқа бірге қадам басуға бұрынғыдан да жақынбыз! Болашақта біз жаңа ұйымдық құрылым құруды көздеп отырмыз, осы мүмкіндікті пайдаланып Гаджи Шапиевичті де, Илья Александровичті де шақырғым келеді. Өйткені федерация қоғамдық ұйым және біз қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге шақырылғанбыз. Бүгінгі таңда бізде қазақстандық ауыр атлетиканы жаңа деңгейге шығару үшін бәрі бар", - деді Жанат Түсіпбеков.
Гаджи Гаджиев өз сөзінде олимпиадаға аз уақыт қалғанда күрделі түзетулер енгізудің жөн еместігін, сондықтан ол Жанат Түсіпбековтің кандидатурасын толық қолдайтынын және федерацияны қолдауға дайын екенін атап өтті.
"Кеше кешке дейін сөйлесіп, кеңесіп, Ауыр атлетика федерациясының президенттігіне одан асқан кандидат жоқ деп шештік. Бұл бүкіл команда үшін жақсы болады! Жанат Рашидұлы 2013 жылдан бері үлкен жұмыс атқарды, спортымызды іштей біледі. Баршаңызды бірлікке шақырамын! Барлық мәселелерді бірге шешіп, алтын медальдарымызға бірге барайық", - деді Илья Ильин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан