Хаби Алонсо “Челси“ сапында алғашқы голын соққан Дастан Сәтбаевқа баға берді

Лондондық "Челсидің" бас бапкері Хаби Алонсо осы клуб сапындағы алғашқы голын соққан қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаевқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Кеше Аустралияның "Уэстерн Сидней Уондерерс" клубына қарсы жолдастық кездесу өтті. "Челси" 6:4 есебімен жеңіске жеткен матчта 17 жастағы Дастан Сәтбаев негізгі құрамда алаңға шығып, алтыншы минутта есеп ашты.

Матчтан кейін өткен баспасөз мәслихатында Хаби Алонсоға қазақстандық футболшының ойыны мен мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.

"Дастанды былтырдан бері жақсы білемін. Ол қазір мүлде басқа деңгейдегі ойыншыға айналғаны көрініп тұр. Қарсылас қақпаға үнемі қауіп төндіреді, қорғау мен жартылай қорғау арасындағы бос кеңістікті өте жақсы пайдаланады, шабуылшымен тиімді байланыс орнатады және қапталдан орталыққа сауатты ығысады. Бұл - оның Алматыдан көшіп келгеннен кейінгі және біздің клубтағы алғашқы қадамы. Қазірдің өзінде ол бізге өте жақсы әсер қалдырып отыр", - деді испаниялық маман.

Дастан Сәтбаевтың физикалық тұрғыдан қаншалық дайын екені жөніндегі сұраққа Хаби Алонсо қысқа әрі нық жауап берді:

"Ол өте мықты әрі өте жылдам. Оның ойыны сіздерді таңғалдырады".

Айта кетейік, бұл Дастан Сәтбаевтың "Челсидің" негізгі құрамындағы алғашқы ойыны болды. Бұған дейін алматылық "Қайрат" клубының түлегі "Кроули Таун" (3:1) және "Броумлиге" (3:0) қарсы жабық жолдастық кездесулерде екінші таймда алаңға шыққан еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!