Головкиннің бұрынғы бапкері Әлімханұлы мен “Канело“ айқасына қатысты пікір білдірді

Головкиннің бұрынғы бапкері Әлімханұлы мен “Канело“ айқасына қатысты пікір білдірді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес орта дивизиондағы Жәнібек Әлімханұлының физикалық мүмкіндігі екінші орта салмаққа ауысып, мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жекпе-жек өткізуге жететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Головкинді жаттықтырған бапкер қазіргі таңда өзге қазақстандық боксшы, яғни бірініш орта салмақтағы Садриддин Ахмедовпен жұмыс істейді. 

"Жәнібек – дене бітімі ірі жігіт, сондықтан екінші орта салмақ оған жақсы келеді. Бұл дивизионда мықты жекпе-жектер көп. Егер ол Геннадий сияқты орта салмақты толықтай "тазартса", онда салмақ ауыстыру орынды қадам болар еді. Мен оның "Канеломен" кездесуін қызыға көрер едім, бұл Альварестің екі қазақстандықпен айқасқанын білдірер еді", – дейді Санчес The Ring басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Жәнібек мексикалық жұлдызды жеңсе, бұл Геннадий Головкиннің мұрасын жалғастыру болар еді. Еске салайық, "Канело" мен Головкин рингте үш рет кездескен. 

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 5 сәуірде Астанада өткен жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Бесінші раундта Жәнібек франциялық Анауэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірген болатын.

Ал Сауль "Канело" Альварес 3 мамырда кубалық Уильям Скуллмен екінші орта салмақта абсолют чемпион атағы үшін айқасады, ал күзде америкалық Теренс Кроуфордпен кездесуі мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget