Танымал менеджер әрі инсайдер Рик Глейзер қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 КО) болашағы туралы сөз қозғады. Ол GGG мансабын үнсіз аяқтады деп есептейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
"GGG 16 ай бұрын "Канелоға" жеңілгеннен бері жекпе-жек өткізген жоқ. Сондай-ақ өз еркімен барлық әлемдік титулдарынан бас тартты. Бірнеше тиімді ұсыныстар келгенімен шаршы алаңға шықпады. Ол сәуірде 42 жасқа толады. Геннадий кәсіпқой бокстан біржолата кеткен секілді. Бірақ әзірге ешқандай ресми ақпарат жоқ. Оның артында үлкен мұра қалды", - деп жазды Глейзер Twitter-дегі аккаунтында.
Еске сала кетейік, танымал қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қыркүйегінде өткізген болатын. Ол трилогиядағы басты қарсыласы мексикалық Сауль Альварестен (60-2-2, 39 КО) төрешілердің бірауыздан берген шешімінен кейін ұтылған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!