Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес трилогия алдында баспасөз мәслихатына қатысты, - деп хабарлайды "Массагет" тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Онда "Канело" Головкин екі түрлі адам екенін мәлімдеді.
"Ол: "Мен оған ештеңе айтпаймын, БАҚ-қа ештеңе айтпаймын" деді де, мен туралы көп нәрсе айтты. Мұны бәрі жақсы біледі. Енді рингке шығатын сәтті күтіп жүрмін. Головкин - екі түрлі адам. Алдымен ол өзін жақсы жігіт ретінде көрсетеді, содан кейін мен туралы әр нәрсе айтады. Еркек бол, айтқаныңды айт!" - деді "Канело" бірлескен баспасөз мәслихатында.
Головкин оның "еркек бол" деген мәлімдемесіне жауап берді.
"Бұл мен үшін жеке мәселе деп ойламаймын. Біреуді жақсымын я жаманмын деп сендіргім келмейді. Мен қазір кім болсам, сол адаммын. Саған айтарым: мен бокстасуға шығамын. Мен үшін бұл жағдай басқаша көрінеді. Оның жеке реніші болса, бұл менің проблемам емес. Бұл оның тұжырымы. Мен оны қалай сендіре аламын?" - деді Головкин.
Еске салайық, екі боксшы баспасөз конференциясында бір минуттан астам бір-біріне жалтармай қарап, көз арбасты.
Головкин мен "Канелоның" үшінші жекпе-жегі 17 қыркүйекте екінші орта салмақта өтеді. Кездесу Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) T-Mobile Arena-да болады. Алдыңғы екі жекпе-жек те осында өткен. Біріншісі кездесу даулы тең нәтижемен аяқталды, ал екіншіде төрешілердің шешімімен мексикалық жеңіске жетті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!