Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин жас жанкүйерлеріне тосын сый жасады. Балалармен болған жылы жүздесу түсірілген видео әлеуметтік желілерде жылдам таралып, вирусқа айналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеода көлікте отырған Головкин GGG логотипі бар бейсболка киген жасөспірімді байқап, өзіне шақырады. Балалар қуаныштарын жасыра алмай, боксшымен суретке түсуге асығады. Геннадий көліктен түсіп, балаларды құшақтап, әрқайсысына көңіл бөледі.
Балалардың бірінің анасы Жанардың айтуынша, бұл кездесу мүлде болмауы да мүмкін еді.
"Ұлымның досының туған күні болып, балалар бірге жиналған болатын. Арсен сол үшін бокстан жаттығуын кейінге шегерді. Үйден шығарда мен оған: "Кепканы қалдыра сал", – дедім. Бірақ ол қоярда қоймай, киіп кетіп еді. Ақыры сол бейсболка чемпионмен кездесуге себеп болған екен", – дейді Жанар.
Бұл жылы сәт көпшіліктің жүрегін елжіретіп, желіде кеңінен таралды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!