Германия құрамасы төрт жыл бұрынғы сәтсіздігінің есесін қайтара ма?

Германия құрамасы төрт жыл бұрынғы сәтсіздігінің есесін қайтара ма?
Фото: Reuters

Футболдан Катардағы әлем чемпионатының кезекті ойын күнінде E және F тобының алғашқы турдағы матчтері өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ойын күнін "Әл-Байт" стадионындағы Марокко - Хорватия матчі ашады. F тобындағы кездесу елорда уақытымен 16:00-де басталады. 


Хорватия құрамасы. Фото: Reuters

Құрамалар өз тарихында бір мәрте жолдастық матчте кездескен - 1986 жылы өткен ойында 0:0 есебі тіркелді.

Марокко да, Хорватия да әлем чемпионатына бес рет қатысты. Африкалық құрама 1/8 финалдан әрі асып көрмеген. Ал Хорватия құрамасы 2018 жылы өткен әлем чемпионатында бәрін таңғалдырған еді. "Шақпақ түстілер" Ресейдегі додада финалға жетіп, күміс медаль иеленген болатын.

Матчты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Ал 19:00-де Е тобындағы Германия мен Жапония матчі басталады. Бұл командалар бұған дейін екі мәрте жолдастық кездесу өткізген. Бірінде Германия 3:0 есебімен жеңсе, екіншісінде командалар 2:2 есебімен тең тарқасты.

Германия үшін 2018 жылғы әлем чемпионаты сәтсіз болған, ол кезде команда әлем чемпионы атағын қорғай алмай, топта соңғы орын алған еді. Жалпы, немістер әлем чемпионатын 1954, 1974, 1990 және 2014 жылдары жеңіп алған.


Германия құрамасы. Фото: Reuters

Ал Жапония құрамасының мундиальдағы жетістігі - үш мәрте 1/8 финалға жолдама алған.

Transfermarkt нұсқасы бойынша, Германия құрамының жалпы құны - 285,5 миллион еуро. Ал Жапонияның трансферлік бағасы - 154 миллион еуро.

Бұл кездесуді Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді.

Е тобындағы тағы бір матчте Испания мен Коста-Рика күш сынасады. Ойын 22:00-де басталады. Бұл командалар үш мәрте жолдастық кездесу өткізген - екеуінде испандар жеңіске жетсе, бір ойын тең аяқталды.

ФИФА рейтингінде Испания құрамасы қарсыласынан әлдеқайда жоғары тұр. Испандар 7, Коста-Рика 31-орында келеді.


Испания құрамасы. Фото: Reuters

Испания құрамасы костарикалықтардан 47 есеге қымбат. 2010 жылғы әлем чемпионының сапындағы ең қымбат ойыншы Педридің өзі 100 миллион еуроға бағаланған. Испан футболшыларының жалпы құны - 877 миллион еуро. Ал Коста-Рика құрамының бағасы - 18,75 миллион еуро.

Екі команда да қазір бабында. Испания кейінгі 11 матчінің біреуінде ғана жеңілді - 8 жеңіс, 2 тең ойын. Ал Коста-Рика бес матч бойы жеңілмей келе жатыр - 4 жеңіс, 1 тең ойын.

"Әл-Тумама" стадионындағы кездесуді Qazaqstan телеарнасы көрсетеді.

Бүгінгі ойын күнін F тобындағы Бельгия - Канада матчі тәмамдайды. Бұл кездесу түнгі 1:00-де басталады. Канадалықтар әлем чемпионатына алғаш және кейінгі рет 1986 жылы қатысқан, сол кезде топтық кезеңдегі барлық үш матчте жеңіліп қалған болатын. Ал Бельгия құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатында қола медаль иеленген.


Бельгия құрамасы. Фото: Reuters

Командалар бұған дейін бір мәрте кездескен. 1989 жылғы жолдастық матчте Бельгия Канаданы 2:0 есебімен жеңген.

Қазір ФИФА рейтингінде Бельгия 2-орында тұр. Ал канадалықтар 41-орында келе жатыр.

Бельгия құрамасы кейінгі 2 матчінде жеңіліп қалды. Жалпы, кейінгі 11 ойындағы нәтижесі - 5 жеңіс, 3 тең ойын, 3 жеңіліс. Ал Канада кейінгі бес матчінде 2 рет жеңіп, 1 рет тең түсіп, 2 мәрте жеңілген.

Бұл ойынды Qazsport және Qazaqstan телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына байланысты болжам бәйге өткізіп жатыр. Бас жүлде - iXXi Extreme планшеті! Болжам бәйгенің ережесін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Е. Төлеш