Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының Нидерландыда өткен Еуро-2022 турниріндегі алғашқы ойынының қаһармандарының біріне айналған Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен туыстық байланысы жоқ. Бұл туралы Vesti.kz жазды.
Футболшы жай ғана мемлекет басшысымен аты-жөні бірдей екенін айтты.
"Есім мен тегіміздің президент есімімен сәйкес келуіне бәрі үнемі назар аударады. Мен бұған үйреніп қалдым. Бала кезімде бір қызық оқиға болды. Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болған кезде мені ауруханаға кезексіз жатқызды", - деді 22 жастағы спортшы.
Еске салайық, Словенияға қарсы ойында Тоқаев әдемі әрі өте маңызды гол соққан болатын.
"Турнирде соққан алғашқы голымды барша қазақстандықтарға арнаймын", - деді ол кездесуден кейін.
Айта кетейік, Жомарт футболды туған жері Аягөзде бастаған, кейін Алматы энергетикалық колледжіне, одан кейін "Жетісу" командасына ауысқан. "Жетісу" ыдырағаннан кейін Атырауға көшіп, қазір сол жерде өнер көрсетуде.
Ол ұлттық құрама сапындағы дебютін өткен жылдың сәуір айында Израильге қарсы Еуро-2022 іріктеу матчтарында өткізді. Ойыншы екі кездесуде екі гол соқты. Кейінірек Тоқаев Литвада өтетін әлем чемпионатына қатысуға өтінім берді.