Футзалдан 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы матчта Қазақстан құрамасы Беларусьтан ойсырай ұтылды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Гуменнеде (Словакия) өткен матчта Беларусь құрамасы 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Беларусь құрамасы сапында Владислав Селюк (7-минут), Алексей Пинчук (10-минут), Виталий Шадурко (13-минут), Сергей Крыкун (29-минут) және Сергей Синицкий (40-минут) гол соқты. Қазақстан құрамасынан Ринат Төреғазин 40-минутта мергендік танытты. 37 минутта қазақстандық Эдсон алаңнан қуылды.
6-топтағы командалардың нәтижесі:
Беларусь – 6 ұпай (үш ойыннан кейін);
Қазақстан – 3 ұпай (екі ойыннан кейін);
Албания – 0 ұпай (бір ойыннан кейін).
Қазақстан құрамасы келесі матчын 9 желтоқсанда өз алаңында Албанияға қарсы өткізеді.
Негізгі кезеңге қатысушылар үш командадан 12 топқа бөлінген. Әр құрама қарсыластарымен өз алаңында және сырт алаңда кездеседі.
Топ жеңімпаздары мен екінші орын иеленген үздік төрт команда элиталық кезеңге тікелей шығады. Екінші орын алған қалған сегіз құрама өтпелі матчтарда сынға түседі.
2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 2028 жылғы сәуірде аяқталады. Әлем біріншілігіне Еуропадан жеті құрама қатысады. Егер финалдық кезеңді өткізу құқығы УЕФА құрамындағы елге берілсе, сол мемлекеттің құрамасы турнирге тікелей жолдама алады. Мұндай жағдайда іріктеу арқылы әлем чемпионатына Еуропаның алты командасы шығады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз