Футболшы Нұрәлі Әліп ерекше күрес әдісімен командаласының жауырынын жер иіскетті

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Нұрәлі Әліп ерекше күресімен командаластарын таңғалдырды. Ол жаттығу кезінде ресейлік қорғаушы Александр Коваленкомен белдескен. 

Белдесуде Нұрәлі қарсыласынан шапшаң қимылдап, кеудеден асыра лақтыру әдісін оңтайлы іске асырады. Қазақстандық қорғаушының әдісі мен қимылына команда ойыншылары таңғалып қол соққан. Күрестің толық видеосы сілтемеде.

Нұрәлі Әліп ойнайтын Ресейдің "Зенит" командасы қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Төрт жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Сауд Арабиясының "Әл-Фатех" командасымен ғана тең ойнап (1:1), "Динамо, Самарқанд" (5:1), "Чонбук Моторс (5:1) және "Урал" командаларынан (1:0) басым болды. Алда Сергей Семак командасы "Әл-Духайл", "Шанхай Шенхуа" және "Сантос" командаларымен ойнайды. 

Қазақстандық қорғаушы осы маусымда "Зенит" сапында 23 ойынға қатысып, нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Команда 18 турдан кейін Ресей премьер лигасында 2-орында келеді. Чемпионат наурыз айының басында жалғасады. 

Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық қорғаушы жолдастық ойындағы финтімен жанкүйерлер назарына іліккен еді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!