Футболдан Түркия чемпионатында төрешіні соққыға жыққандар қатаң жазаланбақ. "Анкарагюджю" мен "Ризеспор" командалары арасында өткен ойындағы жағдайға президент Режеп Тайип Ердоғанның өзі назар аударды.
15-турдағы "Анкарагюджю" мен "Ризеспор" арасындағы ойын 1:1 есебімен аяқталды. Ойында бас төреші 50-минутта алаң иелері ойыншысы Али Соуға қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Ал кездесу аяқталар тұста қонақтар да 10 ойыншымен қалды. Сондай-ақ "Ризеспор" ойыншылары соңғы сәтте есепті теңестіріп те үлгерді. Бұған қарсы болып, ашуға булыққан "Анкарагюджю" командасының президенті Фарук Қожа бас төреші Халил Умут Мелерді соққыға жыққан. Оған қоса тағы бірнеше адам қол жұмсаған. Бас төреші жарақат алып, ауруханаға түсті.
"Анкарагюджю" мен "Ризеспор" матчынан кейін төреші Халил Умут Мелерге жасалған шабуылды қатаң айыптаймын және оның тезірек сауығып кетуін тілеймін. Спорт – татулық пен бауырмалдық деген сөз. Спорт зорлық-зомбылықпен үйлеспейді. Біз түрік спортында зорлық-зомбылыққа ешқашан жол бермейміз, - деп жазды Ердоған әлеуметтік желіде.
Анкара полициясы бұл оқиғаға қатысты іс қозғаған. Елдің министрліктері де бұл іске қатысты мәлімдеме жасап, кінәлілерді қатаң жазалау жайында мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!