Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван ’т Шкиппен ынтымақтастық аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
17 қарашада Скотт Манн Ұлттар лигасының қорытындысы жайлы баспасөз мәслихатын өткізді.
«Келісімшарт осы аптаның соңында аяқталады. Біз де, ол да оны ұзартуға ниетті емеспіз. Енді бізді Еуропа чемпионатына шығара алатын, ұзақ мерзімге жұмыс істейтін бас бапкерді іздеуге кірісеміз», — деді Скотт Манн.
Бас хатшы нидерландылық маманның жалақысы құраманың бұрынғы бапкері Талғат Байсуфиновтікімен бірдей болғанын да атап өтті.
«Джон осында келіп, Талғатпен бірдей жалақы алуға келісті», — деді ол.

Фото: TengriNews.kz/ Алимжан Аманжол
Бұған дейін Словакия құрамасына қарсы соңғы матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ван ’т Шкип ұлттық құрамадағы жұмысын аяқтау жоспары туралы сұраққа жауап берген еді.
«Мен Қазақстанда тамыз айынан бері жұмыс істеп келемін. Міндетім Ұлттар лигасында команданы бастап шығу болатын. Қазір біз дәл осы кезеңге келіп отырмыз», — деді бапкер.
Нидерландылық маман Қазақстан құрамасын 2026 жылғы 7 тамызда қабылдап алды. Оның жетекшілігімен команда Ұлттар лигасында алты матч өткізіп, бірде-бір рет жеңіске жете алмады. Қазақстан Молдовадан екі рет ұтылып, Фарер аралдарымен екі кездесуде де тең түсті. Сондай-ақ Словакиядан сырт алаңда жеңіліп, өз алаңында тең ойнады.
Турнир барысында бас бапкер топта бірінші орын алуды мақсат еткенін айтқан болатын.
Ван ’т Шкип келгенге дейін де ұлттық құрама қатарынан бес ресми матчта жеңіске жете алмаған. Команда ресми кездесулердегі соңғы жеңісіне 2025 жылғы 10 қазанда қол жеткізді. Сол күні Қазақстан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз алаңында Лихтенштейнді 4:0 есебімен ұтқан.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы наурызда өткен FIFA Series жолдастық турнирінде Қазақстан құрамасы Комор аралдары мен Намибия командаларын жеңді. Ол кезде құраманы Талғат Байсуфинов жаттықтырған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz