Эквадор құрамасы футболдан әлем чемпионатының ашылу матчінде Катарды жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Турнирдің ашылу матчі "Әл-Байт" стадионында өтті. Ойынның 3-минутында Эннер Валенсия Эквадорды алға шығарған - бірақ төреші бұл голды есепке алған жоқ.
Дегенмен Валенсия діттігеніне 16-минутта жетті. Бас төреші Катар қақпасына пенальти белгіледі - нүктеге келген Валенсия мүлт кетпеді.
Ал 31-минутта Валенсия дубль авторы атанды.
Үзілістен кейін командалар көп шабуылдаған жоқ. Катар есеп айырмасын қысқарту үшін белсендірек ойнады. Бірақ Эквадор құрамасы қорғаныста сенімді ойнап, жеңіс есебін сақтап қалды - 2:0.
Осы ойыннан кейін Эквадор құрамасы А тобында көш бастады, Катар - соңғы орында. Ертең А тобындағы қалған екі құрама - Сенегал мен Нидерланды кездеседі.
Ал Катар әлем чемпионатындағы келесі матчін 25 қарашада Сенегалға қарсы өткізеді. Дәл сол күні Нидерланды мен Эквадор күш сынасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!