«Футбол соғысы»: Екі ел арасындағы қарулы қақтығысқа себеп болған ойын

1969 жылы 12 шілдеде Орталық Американың Сальвадор мен Гондурас елдері арасында соғыс басталды. Бұл соғыс небәрі 6 күнге созылғанымен, қаншама адам қаза тауып, қаншама үй қирап қалды. Екі ел арасында бұрыннан келіспеушілік бар болса да, бұл соғысқа футбол жанкүйерлерінің кикілжіңі себеп болған.

1969 жылы футбол жанкүйерлері арасындағы жанжал Сальвадор мен Гондурас арасында соғысқа әкелді. Қарулы қақтығыстарда екі жақтан да көптеген адам қаза табады. Біршама елді мекен жойылады. Адамдар босқынға айналады.

Солтүстік, Орталық Америка және Кариб бассейні елдерінің футбол федерациясына мүше 12 мемлекет 1970 жылы Мексикада өтетін келесі әлем чемпионатына жолдама алу үшін төрт топқа бөлініп, өзара бақ сынайды.

Топтарда бірінші орын алған Сальвадор, АҚШ, Гаити және Гондурас келесі кезеңге жолдама алады. Плей-офф кезеңінде АҚШ Гаитимен, ал Сальвадор Гондураспен ойнайтыны белгілі болады. Ол кезде доп айырмасы есепке алынбағандықтан, екі команда бір-бірден жеңсе, шешуші ойын ойналатын.

Жеребе бойынша алғашқы ойын 1969 жылы 8 маусымда Гондурас астанасы Тегусигальпеде өтіп, Гондурас 1:0 есебімен жеңіске жетеді. Екі ел арасындағы бұрыннан келе жатқан келіспеушіліктер салдарынан сальвадорлық жанкүйерлер жеңіліске шыдай алмай, матч аяқталған соң гондурас жанкүйерлерімен төбелесе кетеді.

© TeleSur

Сальвадор астанасында өтуі тиіс қарымта матч алдында Сальвадор жанкүйерлері Гондурас құрамасының ойыншыларына қолдау көрсетуге келген жанкүйерлерін таяқтайды. Гондурас тулары көшелерде өртеніп жатады.

Бұған жауап ретінде Гондураста серуендеп жүрген сальвадорлықтар соққыға жығылады. Гондурастағы Сальвадор консулдығына шабуыл жасалады.

© pocketmags

1969 жылы 15 маусымда Сальвадор 3:0 есебімен жеңіске жетеді. Осылайша командалар арасындағы есеп 1:1 болады.

Тараптардың келісімімен үшінші, шешуші кездесу 26 маусымда Мексика астанасы Мехико қаласында өтеді деп жоспарланады. Бұл кездесуде Сальвадор 3:2 есебімен жеңіске жетіп, іріктеу кезеңінің финалына жолдама алады. Келесі қарсылас Гаити болады, ал бұл команданы жеңу Сальвадорға әлем чемпионатына жолдама әперетін.

© disgustingmen.com

Қақтығыстың басталуы

Сальвадор екінші ойында жеңіске жеткеннен кейін Гондурас Сыртқы істер министрлігі Америка Адам құқықтары ұйымына сальвадорлықтардың өз азаматтарына қарсы жасаған теріс әрекеттерін тексеруді және кінәлілерді жауапқа тартуды сұрады.

Сальвадор Гондурас аумағында сальвадорлықтар мен консулдыққа жасалған шабуылға байланысты тергеу жүргізілуі керек деп мәлімдейді.

Сондай-ақ екі ел де бір-бірін айыптаған бірнеше мәлімдеме жасайды. Бұл мәлімдемелер қақтығысты одан әрі ушықтырады.

24 маусымда Сальвадор мен Гондурас қарулы күштерін дайындай бастады.

26 маусымда шешуші матчта Гондурас футболшылары жеңілген соң Сальвадор Гондураспен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгенін жариялады.

27 маусымда Гондурас та Сальвадордағы елшілерін шақырып алады. Осылайша екі елдің қарым-қатынасы үзіліп, жағдай қиындай түседі.

1969 жылы 3 шілдеде Сальвадор аумағынан Гондурастың транспорт ұшағы мен екі жойғыш ұшағына зениттік зымырандармен соққы жасалады.

Осыдан кейін Гондурас Сальвадормен арадағы шекарасына әскери техникасын орналастыра бастайды.

© disgustingmen.com

Соғыстың басталуы

1969 жылы 12 шілдеде екі ел шекарасында қарулы қақтығыстар басталады. 14 шілдеде Сальвадор әскері шабуылға шығып, Гондурас аумағына басып кіреді.

Құрлық әскерлері бір жақта соғысып жатса, екі елдің әуе күштері бір-бірімен әуеде атысады. Әскери ұшақтар қалалар мен ауылдарды, аэродромдарды бомбалай бастайды.

Соғыстың екінші күні Америка мемлекеттер ұйымы екі елге соғысты дереу тоқтату туралы үндеу жібереді. Сальвадор мен Гондурас бұл өтінішті елемейді және соғысты жалғастыра береді.

Бұл қақтығыста Сальвадор әскері сәл артықшылыққа ие еді. 1969 жылдың 17 шілдесіне қарай олар Гондурас шекарасынан 70 шақырым жерге өтіп, облыс орталықтарының бірін қоршауға алады.

18 шілдеде Америка мемлекеттерінің ұйымы тараптары 21 шілде сағат 22:00-ге дейін соғысты тоқтатуды талап етеді. Сол күні екі жақ 6 сағатқа созылған келіссөзден кейін соғысты тоқтату туралы алдын ала келісімге келеді.

Бірақ Сальвадор әскери күштері Гондурас позицияларына оқ жаудырған кезде соғыс қайтадан басталады. 19 шілдеде Сальвадор әскерилері ұзақ уақыт қоршауда болған Гондурас провинциясының астанасы Нуэва-Окотепек қаласын басып алып, орталық алаңға туын тігеді.

Содан кейін атысты тоқтату туралы келіссөздер қайта басталып, екі жақ өзара келісім бойынша 20 шілдеде атысты тоқтатады.

Соғыста үстемдік еткен Сальвадор армиясы 400 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Гондурастың төрт департаменті мен он шақты қаласын басып алады.

Осыдан кейін алдағы он күн ішінде Америка мемлекеттер ұйымының өкілдері мен Сальвадор үкіметі арасында келіссөздер өтеді. Америка мемлекеттерінің ұйымы Сальвадордан Гондурас аумағынан әскерлерін дереу шығаруды талап етеді. Сальвадор болса, оларға шарт қойып, Гондурас өтемақы төлесе, әскерді алып кететінін хабарлайды.

Ақырында Америка мемлекеттер ұйымы Сальвадор Гондурастан әскерін шығармаса, экономикалық санкциялар болатынын ескертеді. Осы шарттан кейін Сальвадор Гондурастан әскерін шығаруға келіседі.

Америка мемлекеттер ұйымы Гондурас аумағында өзінің арнайы өкілдерін орналастыруға және осы елде тұратын салвадорлықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік береді.

1969 жылы 2 тамызда Сальвадор Гондурас территориясынан  әскерін шығара бастайды.

© disgustingmen.com

Соғыс шығыны

Бұл соғыс аз уақытқа созылғанымен, екі елге де көп шығын әкелді.

Соғыста екі жақтан 6 мың адам өледі. 12-15 мың адам жарақат алады. Олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар еді.

Бұл соғыс әсіресе Гондурасқа ауыр тиеді. Ел соғысқа қыруар қаржы жұмсайды. Ұрыс кезінде 60 000-130 000 гондурас босқынға айналды.

Оның үстіне 1969 жылдың қыркүйегінде болған Франчелин дауылы елге үлкен шығын әкелді.

Соғыс пен табиғи апат салдарынан келтірілген шығын салдарынан Гондурас халқының шыдамы шегіне жетеді. Гондурастың әртүрлі қалаларында мыңдаған адамдар Сальвадормен қақтығысты тоқтату және елмен достық қарым-қатынас орнату үшін демонстрацияға шығады.

Қақтығыстың жалғасуы

Екі елдің өкілдері бітімгершілік келісімге қол қойғанымен, олардың арасындағы қайшылықтар әртүрлі кейіпте ұзақ жылдар бойы жалғаса береді.

Сондай-ақ екі ел де бір-бірінен жер талап етіп, дипломатиялық соғыс жүргізеді.

Шекарада атыс 1976 жылы басталып, бір апта бойы жалғасады. Бұл ретте екі ел де Орталық Америка қорғаныс кеңесінен шығады.

1980 жылы Перудің астанасы Лимада Сальвадор мен Гондурас арасында бейбіт келісімге қол қойылады. Бірақ өзара қақтығыстар қайтадан жалғаса береді.

1992 жылы БҰҰ өкілдерінің қатысуымен екі ел арасындағы шекара сызығының барлық учаскелері анықталады. Осыдан кейін екі жақ та жерді талап етуді, одан туындайтын кикілжіңдерді тоқтатады.

Әлем чемпионаты жолдамасы не болды?

Сальвадор құрамасы үш ойында Гондурасты 2:1 есебімен жеңгеннен кейін Гаити құрамасымен әлем чемпионатына жолдама алу үшін кездеседі.

1969 жылы 21 қыркүйекте өткен алғашқы ойында сальвадорлық футболшылар, ал 28 қыркүйекте өткен кездесуде гаитиліктер жеңіске жетіп, ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Шешуші кездесу 8 қазан күні Ямайка астанасы Кингстон қаласындағы стадионда өтеді. Онда Сальвадор құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетіп, 1970 жылы Мексикада өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

КОНКАКАФ-тың екінші орыны турнир иесі ретінде Мексикаға бұйырады.

1970 жылдың 31 мамыры мен 21 шілдесі аралығында өткен әлем чемпионатында Сальвадор КСРО, Мексика және Бельгиямен бірге 1-топқа түседі. Әлем чемпионатына іріктеу соғыс, қирау және шығын арқылы қол жеткізілгенімен, Сальвадор ұлттық құрамасы топтық кезеңдегі үш ойында да (КСРО-дан 2:0, Бельгиядан 3:0, Мексикадан 4:0) ойсырай жеңіледі.

Бірде-бір гол соқпаған Сальвадор футболшылары өз қақпаларына тоғыз гол жіберіп, топта соңғы орын алады.