- Негізгі бет
- Спорт
- Франция - Марокко:...
Франция - Марокко: африкалықтар тағы сенсация жасай ала ма?
Бүгін футболдан әлем чемпионатының жартылай финалы аясында екінші матч өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Финалға берілер жолдаманы Франция мен Марокко сарапқа салады. Матч түнгі 1:00-де басталады.
Франция қатарынан екі рет финалға шықпақ
Франция құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына 7-рет шықты. Басында француздар үшін жартылай финал алынбайтын қамал еді. Алғаш рет 1958 жылы 1/2 финалға жетіп, Пеленің Бразилиясынан жеңіліп қалған. Кейін 1982 және 86 жылдары екі рет немістер тоқтатты.
Ал соңғы үш рет жартылай финалға жеткенінде финалға жолдама алған екен. Алғаш рет 1998 жылы өз еліндегі мундиальда ғана жартылай финалда жеңе алды. Ол кезде Хорватиядан басым түскен. Кейін тарихта тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.
Ал 2006 жылы жартылай финалда Португалияны жеңіп, финалда сүрінген еді.
Одан кейін 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Бельгиядан, финалда Хорватиядан басым түскен.
Фото: Reuters
Француздардың биылғы қарқыны да жаман емес. Топтық кезеңде Аустралия мен Данияны жеңді, бірақ екінші құрамы Тунистен жеңіліп қалды.
Плэй-офф кезеңінде Польшаны тізе бүктіріп, Англия еліне қайтарды.
Франция құрамасының қазіргі көшбасшысы - Килиан Мбаппе. 23 жастағы форвард Катарда бес гол соғып, сұрмергендер тізімінде бірінші орында тұр. Аустралия, Дания және Польша қақпасынан саңлау тапқан. Жалпы алғанда, Мбаппе әлем чемпионаттарында 9 гол соғып тастады. Бұл көрсеткіш бойынша Роналду Марадона сияқты аңыздарды озып кетті.
Фото: Reuters
36 жастағы Оливье Жиру да биыл бабында. Осы әлем чемпионатында 4 гол соғып тастады. Топтық кезеңде Аустралия қақпасына екі гол соғып, Франция құрамасы тарихында үздік сұрмерген көрсеткіші бойынша Тьерри Анриді қуып жетті. 1/8 финалда Польша қақпасынан саңлау тауып, өз құрамасының үздік сұрмергені болды. Ал ширек финалда тағы бір рет көзге түсіп, өз рекордын жаңартты.
Уго Льорис те Катарда екі рекорд авторы атанды. Ширек финалда Англияға қарсы кездесуде ол 143-рет алаңға шығып, Франция құрамасы сапында ең көп матч өткізген футболшы болды. Одан бөлек, әлем чемпионатында ең көп матч өткізген француз атанды - ол мундиальде 18 матчқа қатысқан.
Африка елдеріне есік ашатын құрама
Биылғы әлем чемпионатының басты сенсациясы - Марокко құрамасы. Турнир басында өлім тобына түскен Марокко жартылай финалға жетеді десе, ешкім сенбес еді.
Сарапшылар Марокко Катардағы мундиальде Хорватия, Бельгия және Канадамен бір топқа түскенде оның плэй-оффқа шығу мүмкіндігі төмен деген еді.
Бірақ Марокко Хорватиямен тең түсіп, Бельгия мен Канаданы сенімді жеңді де, топтан бірінші орынмен шықты. Кейін 1/8 финалда испандардың қарқынын басып, пенальти сериясында басым түсті. Ширек финалда Португалияны жеңіп, айды аспанға шығарды.
Фото: Reuters
Бір қызығы, Марокко әлем чемпионатында бір гол ғана жіберді. Оның өзін қарсылас емес, Найеф Агерд өз қақпасына соғып алған. Тіпті, пенальти сериясында да испандар Марокко қақпасынан саңлау таба алмады.
Жалпы, марокколықтар әлем чемпионатына алтыншы рет қатысып жатыр. Оның төртеуінде топтан шыға алмай қалған. Африкалық құрамаларға есік ашып беретін дәл осы – Марокко:
- 1970 жыл - әлем чемпионатында ұпай еншілеген алғашқы африкалық құрама;
- 1986 жыл - әлем чемпионатының плэй-офф кезеңіне өткен алғашқы африкалық құрама;
- 2022 жыл - әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан алғашқы африкалық құрама.
Биыл Марокконы өрге сүйреп жүргендерді айтайық. Бірінші кезекте - әрине, қақпашы Яссин Буну. Буну қарсылас тепкен барлық соққыны кері қайтара алды. Ол Катарда төрт матчқа қатысты. Тек Бельгияға қарсы кездесуде денсаулығына байланысты алаңға шыға алмаған еді. Буну әлем чемпионатының үш матчында гол жібермеген алғашқы африкалық қақпашы атанды. Марокконың жартылай финалға шығуы бірінші кезекте Бунудың арқасы.
Фото: Reuters
Одан бөлек шабуылдағы Юссеф Эн-Несири мен Хаким Зиештің де еңбегі зор. Эн-Несири екі гол соқты - оның бірі Португалияға қарсы жеңіс голы. Ал Зиештің еншісінде бір гол мен бір нәтижелі пас бар.
Қорғаныста Ашраф Хакимидің жұмысын айтып кеткен жөн. Ол әлем чемпионатында допты қарсыластан тартып алу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Одан бөлек бір ассист жасаған.
Кім жеңеді?
Әрине, бұл ойында Франция құрамасы - фаворит. Француздардың шабуыл шебінде жылдам Мбаппе, баспен гол соққыш Жиру, дриблингі мықты Усман Дембеле бар. Алдағы жартылай финалда Мбаппе мен Хакимидің дуэлін көреміз. ПСЖ-да бірге ойнайтын бұл футболшылар арасында нағыз текетірес болғалы тұр.
Жартылай финалда гол соққыш құрама мен гол жібермейтін құрама кездесейін деп тұр.
Керісінше алар болсақ, Франция Катарда бір матчты да "құрғақ" аяқтап көрмеген. Міндетті түрде бір гол жібереді. Ал Марокко гол соққанды ұната қоймайды. 5 матчта 5 гол ғана салған.
Француздар әлем чемпионатында африкалық құрамаға қарсы кейінгі алты матчының үшеуінде жеңіліп қалған. Ал Марокко еуропалықтарды жеңе алатынын плэй-оффта дәлелдеп тастады.
Жалпы, Франция мен Марокко бұған дейін 5 рет кездескен. Үшеуінде француздар жеңіп, екі ойын тең аяқталған. Марокко француздарды әлі жеңіп көрген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш