Франция құрамасы Катардағы әлем чемпионатының ширек финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1/8 финалда француздар Польша құрамасымен кездесті. Плэй-оффтың алғашқы кездесуінде поляктар 2018 жылғы әлем чемпионына қиындық туғыза алмады.
Матчтің бірінші таймы аяқталар түста Оливье Жиру есеп ашып, Франция құрамасы тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.
Ал екінші таймда Килиан Мбаппе дубльмен көзге түсті. 74-минутта есепті еселегеннен кейін қосымша уақытта тағы бір гол соқты.
Осылайша, француз шабуылшысы Катардағы мундиальдің үздік сұрмергендері тізімінде 5 голмен көш бастады. Сонымен қатар, Мбаппе әлем чемпионаттарында соққан голдар саны бойынша Криштиану Роналдудан озды. Франциялық жұлдыз 9, Роналду 8 гол соққан.
Ал ойын нүктесін Роберт Левандовски қойды - ол кездесудің соңғы секундтарында пенальтиден есеп айырмасын қысқарта алды. Қорытынды есеп - 3:1, Франия құрамасы ширек финалға шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!