Футболдан әлем чемпионатының басталуына 19 күн қалды. Байрақты бәсеке биыл Катарда өтеді. Ол тарихи әлем чемпионаты болмақ. Себебі әлемдік дода алғаш рет араб елінде және қыста өтеді. Massaget.kz тілшісі әлем чемпионаты туралы жанкүйер білуі тиіс деректер жинады.
Әлем чемпионаты қайда және қашан өтеді?
Футболдан әлем чемпионаты 2022 жылы 20 қараша мен 18 желтоқсан арасында Катарда өтеді. Әлемдік дода алғаш рет қыста болады.
Матчтер бес қалада өтеді - Доха, Ар-Райян, Лусаил, Әл-Хаур және Әл-Вакра. Осы бес қалада әлем чемпионаты үшін арнайы 8 стадион салынған. Бұл араб елінде өтетін алғашқы әлем чемпионаты болады.
Фото: ӘЧ-2022 атқарушы комитеті
ФИФА тарихындағы 22-әлем чемпионаты бұрынғыларға қарағанда ең қымбаты болды. БАҚ мәліметінше, оны ұйымдастыру үшін 200 миллиард доллар жұмсалған.
Әлем чемпионаты неге қыста өтеді?
Бұған себеп - Катардағы ауа райы. Катардың климаты тропикалық, яғни аптап мен ауа температурасы жоғары болады. Жазда ауа температурасы 50 градусқа дейін жетеді.
Ал қарашада елде орташа температура 25,4 градус, желтоқсанда 20,8 градус болады. Жалпы, Катарда желтоқсан мен қаңтар - елдегі ең салқын айлар.
Катардағы барлық стадионның төбесі ашылып-жабылады және кондиционер орнатылған.
Әлем чемпионатына кімдер қатысады?
Катардағы додаға 32 команда қатысады. Биыл 1 сәуірде негізгі кезеңнің жеребесі тартылды.
Катар әлем чемпионатының қожайыны ретінде автомат түрде жолдама алды. Қалғандары іріктеуден өтті. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы іріктеуден өте алмай қалған болатын.
Топтар мынадай:
A тобы: Катар, Эквадор, Сенегал, Нидерланды.
B тобы: Англия, Иран, АҚШ, Уэльс.
C тобы: Аргентина, Сауд Арабиясы, Мексика, Польша.
D тобы: Франция, Аустралия, Дания, Тунис.
E тобы: Испания, Коста-Рика, Германия, Жапония.
F тобы: Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия.
G тобы: Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун.
H тобы: Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея.
Франция құрамасы 2018 жылы әлем чемпионатын жеңіп алған сәт. Фото: Reuters
Матчтер қай кезде ойналады?
32 команда сегіз топқа бөлінген. Әр топтан үздік екі команда 1/8 финалға жолдама алады.
Топтық кезеңдегі ойындар 20 қараша мен 2 желтоқсан арасында өтеді.
1/8 финал - 3-6 желтоқсанда.
1/4 финал - 9-10 желтоқсанда.
1/2 финала - 13-14 желтоқсанда.
3-орын үшін матч - 17 желтоқсанда.
Финал - 18 желтоқсанда.
Турнирдің ашылу матчінде Катар мен Эквадор кездеседі. Бұл ойын 20 қарашада Астана уақытымен 22:00-де басталады.
Катар құрамасы. Фото: Reuters
Жалпы, әлем чемпионатының топтық кезеңінде күн сайын төрт матч ойналады. Бұл ойындар Астана уақытымен 16:00, 19:00, 22:00 және 01:00-де басталады.
Қазақстанда әлем чемпионатын қай телеарна көрсететіні әлі ресми хабарланған жоқ.
Иран мен Тунис шеттетілуі мүмкін
Әлем чемпионаты жақындаған кезде қатысушыларға қатысты мәселелер туындай бастады. Мысалы, ирандық бір Катар футболшы Иран құрамасын шеттетуді сұрап хат жазған еді. Себебі олардың айтуынша, Иранда адам құқығы қорғалмайды. Бүгінде орамалын дұрыс тақпағаны үшін полиция бөлімшесінде қайтыс болған 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін елде митинг әлі жалғасып жатыр.
Иран құрамасы. Фото: Reuters
Ал таяуда Тунис те әлем чемпионатынан шеттетілуі ықтимал деген ақпарат тарады. BBC мәліметінше, елдің жастар және спорт министрі Тунис футбол федерациясын таратып жіберемін деп қорқытқан. Ал ФИФА мұны билік футбол федерациясының жұмысына араласып жатыр деп бағалаған.
Тунис құрамасы. Фото: Reuters
Бірақ бұл екі ел бойынша әлі нақты шешім шығарылған жоқ. Бұл екі ел әлемдік додадан шеттетілер болса, олардың орындарына Италия мен Украинаны қатыстыру ұсынылды.
Әлем чемпионатының символдары
Катардағы әлем чемпионатының логотипі "8" белгісіне ұқсас және ақ түсті сақина секілді жасалған. Сегіз саны - турнирді қабылдайтын стадиондар саны. Сонымен қатар, шексіздік белгісін білдіреді.
"Әлем чемпионатының логотипі бұл турнирдің аймақтағы адамдардың тағдырына ұзақ мерзімді әсерін көрсетеді. Сонымен қатар, эмблеманың үстіңгі бөлігі жеңімпазға берілетін басты кубоктың пішініне ұқсайды", - деді 2022 жылғы әлем чемпионатының ұйымдастыру комитеті өкілдері.
Ал ресми доптың атауы - Al Rihla, араб тілінен аударғанда "саяхат" дегенді білдіреді.
Adidas компаниясы өкілінің айтуынша, бұл "бүгінге дейінгі ең жылдам және ең дәл доп" саналады. Бұл әсерге жету үшін доп CTR-Core технологиясы арқылы жасалды - бұл снарядтың ішіндегі дәлдік пен тепе-теңдікті жақсартатын шағын ядро.
Әлем чемпионатының маскоты - Лаиб дейтін ұшатын кілем. Бір қызығы, араб тілінен аударғанда "өте жақсы ойыншы" дегенді білдіреді. Ол сондай-ақ араб елдеріндегі дәстүрлі баскиім - куфиеге ұқсайды.
Лаибты жасағандардың айтуынша, ол "суреттеуге келмейтін маскоттардың параллель әлемінен" келген. Ол - іскер, көңілді және білімпаз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!