Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) төңірегіндегі дауға қатысты жаңа мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ФИФА-ның бастаманы жүзеге асырудан бас тарту туралы шешімін УЕФА құптады.
Еуропалық ұйым "ФИФА президентіне футбол сатылмайтынын жеткізген" баршаға алғыс айтты.
"Бұдан әрі былай қалдыра алмаймыз. Аз уақытта, кім екені белгісіз адамдар әзірлеген, футболға берері күмәнді жасырын жобаларға жол бермеуіміз керек. Бұған кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту қажет. УЕФА өзіне мүше қауымдастықтармен және басқа конфедерациялармен бірлесе отырып, болған жағдайды жан-жақты талдап, мұндай оқиғаның қайталануына жол бермейтін нақты жоспар әзірлеуге тиіс. Бұл жұмыс үстірт емес, терең әрі толық жүргізілуі керек. Ешбір мүмкіндік назардан тыс қалмауға тиіс. ФИФА-ның қазіргі басшылығы УЕФА-ның ғана емес, әлемдік футбол қауымдастығындағы көптеген ұйымның да сенімінен айырылды", - делінген мәлімдемеде.
УЕФА өкілдері алдағы жағдайдың түрлі нұсқасын қарастырып жатқанын айтты. Ұйымның пікірінше, "ФИФА-ның қазіргі басшылығы УЕФА-ның ғана емес, әлемдік футбол қауымдастығындағы көптеген өкілдің де сенімінен айырылған".
Сонымен қатар, мәлімдемеде ФИФА президенті Джанни Инфантиноның 2016 жылы сайлау алдында берген басқарудың ашық мен қаржыны бөлуге қатысты уәделерін орындамағаны айтылған.
"Ол бастаған әрі өткізуге тырысқан жабық келісімде ашықтық болған жоқ. ФИФА-ның қорында 5 миллиард доллардан астам қаражат бар болса да, қауымдастықтардың ақшасы футболдың игілігіне жұмсалмады. УЕФА FIFA Forward бағдарламасы аясында қаржыны бөлудің жаңа жолын ұсыну үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі серіктестермен және футбол саласындағы мүдделі тараптармен дереу жұмыс бастайды. ФИФА-ға мүше 211 елдің әрқайсысында бұқаралық футбол мен жалпы футболдың дамуына серпін беру үшін ұйымның банк шоттарында пайдаланылмай жатқан қаражаттың бір бөлігін іске қосуымыз керек. Бірақ бұл үшін ортақ құндылықтарымызды сатып жіберудің қажеті жоқ", - деді УЕФА өкілдері.
УЕФА мұны бүкіл футбол қауымдастығының жеңісі деп атады. Алайда мәселе мұнымен аяқталмауы керек. Ұсыныс кері қайтарылғанымен, ФИФА-ға деген сенімді қалпына келтіру жұмысы енді ғана басталып жатыр.
БАҚ мәліметінше, ФИФА әлем чемпионаты мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын басқаратын FIFA Forward Enterprise атты еншілес компания құруды жоспарлаған.
Жарыстарды ұйымдастыру ісі ФИФА-ның құзырында қалуға тиіс еді. Алайда компанияға жеке инвесторлар тартылып, оларға үлестің 20 пайызына дейін беру ұсынылған.
Келісім ұйымға 4 миллиард доллардан аса табыс әкелуі мүмкін деген болжам болған. Ал ФИФА президенті Джанни Инфантиноға жеке сыйақы қарастырылғаны айтылды. Тіпті ФИФА-дағы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін оның жаңа компанияны басқаратыны да болжанған.
УЕФА мен басқа құрлықтық футбол ұйымдары мұны ФИФА-ның футболды шамадан тыс коммерцияландыруы деп бағалады.
Инфантиноның жүзеге аспай қалған жобасын Еуропа, Солтүстік және Орталық Америка, сондай-ақ, Азия футбол конфедерациялары сынға алды.
Еске салайық, УЕФА құрамына 55 ел, соның ішінде Қазақстан да кіреді. КОНКАКАФ-та Солтүстік, Орталық Америка және Кариб теңізі аймағындағы 41 ел, ал Азия футбол конфедерациясында 47 ел бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!