Катардағы әлем чемпионатында Нидерланд пен Эквадор құрамалары тең тарқасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
А тобының көшбасшылары екінші турда өзара кім мықтыны анықтады. Алғашқы турда Эквадор Катарды, Нидерланд Сенегалды 2:0 есебімен жеңген.
"Халифа" стадионындағы ойын еуропалықтардың голымен басталды. 6-минутта Коди Гакпо есеп ашты. Бірінші таймның соңына қарай эквадорлықтар есепті теңестірген, бірақ бас төреші офсайдқа байланысты бұл голды есептемеді.
Дегенмен, Оңтүстік Америка өкілі екінші таймның басында гол соға алды. Сол жақ қанаттан басталған шабуылды Эннер Валенсия түйіндеді - 1:1.
Жалпы, үзілістен кейін Нидерланд құрамасы допқа көбірек иелік еткенімен, қарсылас қақпасына бір ғана соққы жасай алды. Жалпы, матч бойы Луи ван Гал шәкірттері Эквадор қақпасын екі рет қана нысанаға алды. Ал Эквадор құрамасы 14 соққы жасаған.
Дегенмен ойында есеп өзгерген жоқ - 1:1 есебімен аяқталды.
Осы ойыннан кейін Нидерланд пен Эквадор төрт ұпай жинап, 1 және 2-орындарды бөлісіп тұр. Сенегалда үш ұпай бар, ал соңғы орындағы Катар құрамасы плэй-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылды.
Енді бәрін 29 қарашада өтетін 3-тур шешеді. Нидерланд турнир қожайыны Катармен кездессе, Эквадор мен Сенегал күш сынасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!