“Ешкімнің жетегінде кетпе!“ Бақыт Сәрсекбаев Михаил Шайдоровқа үн қатты

“Ешкімнің жетегінде кетпе!“ Бақыт Сәрсекбаев Михаил Шайдоровқа үн қатты
Фото: ҰОК

Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында қысқы Олимпиадада жеңіске жеткен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа әсерлі жазба арнады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спортшы ағалық ақылын айтқан.

"Жарадың, Миша! Жарадың, бауырым! Олимпиада чемпионы болу оңай емес екенін, қиын да ауыр жолдан өтпей, алтын жоқ екенін дәлелдедің! Сен өткен жолдан мен де өткенмін, Олимп шыңын бағындырған басқа да ағаларың өткен. Талай рет көкірегімнен итеріп, аяғымнан шалғандар болған. Талай рет сынып кететіндей кездер болған, соған сынбағанымның арқасында арманыма жеттім. Сенің де 5 жыл бұрын көргеніңді біреулер жарыса жазып жатыр ғой, жерден жеті қоян тапқандай. Бәріміздің басымыздан өткен… Қазір көкке көтерген халық сәл шалыссаң, жүндей түтеді, басымыздан өткен. Бауырым, аңқылдаған түріңді көріп, жүрегім езіліп қуандым, осы қалпыңда қал! Кешегі тырнақ астынан кір іздеген бәлеқорларға ерме, ешкімнің жетегінде кетпе! Түн баласы ұйқы көрмей, сенің тілеуіңді тілеген халқыңның қуанышын су сепкендей еткісі келген лаңкестерден аулақ бол!" - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанғаны хабарланды. Сонымен қатар, ол жеңістен кейінгі әсерін бөлісті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget