- Негізгі бет
- Спорт
- Ерте өткен финал!...
Ерте өткен финал! Сәкен Бибосынов Хасанбой Дусматовқа есе жіберді
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Ханчжоудағы Азия ойындарында өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовқа есе жіберді. Нәтижесінде жүлде жолындағы таласты аяқтады.
Бірінші раундта бес төреші де өзбек боксшысына басымдық берді. Кейінгі екі раундта Сәкен белсенді жұдырықтасты. Үшінші раундта шабуылда ширақ қимылдады. Дегенмен бір төреші үш раунд бойы отандасымыздың қарсыласына ұпай берді. Нәтижесінде төрешілер 4:1 (28-29, 29-28, 28-29, 27-30, 28-29) есебімен Хасанбойды жеңімпаз деп таныды.
Өзбек боксшысы Хасанбой осал қарсылас емес. Олимпиада және әлем чемпионы. Бұған дейін екі боксшы екі рет кездесіп, бірінде Сәкен, бірінде Хасанбой жеңген еді, енді басымдық өзбек боксшысында.
Ханчжоудағы Азия ойындарында бокс бәсекесін Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ұйымдастыруда. Финалға шыққан боксшылар Олимпиада жолдамасын иеленеді. Ал жеребе боксшылардың нәтижелеріне қарай емес, кездейсоқ әдіспен тартылды. Нәтижесінде Сәкен мен Хасанбойдың жолы ерте түйісті.
Айта кетейік, осыған дейін қыздар арасында Римма Волосенко жарысты ерте аяқтаған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай