Еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай сотқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс материалдары "Сот кабинетінде" жарияланған, онда оған билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылған. Басқа деректер әзірге жарияланған жоқ, танымал балуан Павлодардағы тергеу изоляторынан алдағы сот отырысына жеткізілмек.
"Сот өндірісінде Шабанбай Д.Е.-ға қатысты ҚР ҚК 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағында көзделген "Екі және одан да көп адамға қатысты жасалған билік өкіліне күш қолдану" қылмысын жасау дерегі бойынша іс қаралып жатыр", - делінген "Сот кабинеті" материалдарында.
Сот спортшыны негізгі сот талқылауына қатысу үшін Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына этаптауға қаулы шығарды.
Іс қаралып жатқан бап 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын қарастырады.
Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің айтуынша, 42 жастағы еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын Қазақстан чемпионатында екінші орын алған соң аяқтаған.
Дәулет Шабанбай туралы не белгілі?
Оның ең ірі жетістіктерінің бірі - 2012 жылы Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарының қола медалі. Алайда спортшы бұл марапатты тек 2022 жылы Белградта алған, өйткені Олимпиаданың екі жүлдегері тыйым салынған препараттарды қолданғаны үшін дисквалификацияланған. Сол кезде 120 келіге дейінгі салмақта бесінші орын алған қазақстандық үшінші орынға көтерілген.
Дәулет Шабанбай - Азия чемпионаттарының төрт дүркін қола және күміс жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014, 2016). Сондай-ақ 2014 жылы Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алған.
"Сот кабинеті" деректеріне сәйкес, 2018 жылы Жекпе-жек федерациясында спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеп жүрген кезде Шабанбай жол апатынан бір адамды өлтіріп алған деп айыпталған. Үкімде сол кезде белсенді спортшы басқарған LADA көлігі көпірде тұрған Audi-80 автокөлігіне соғылғаны жазылған. Шетелдік көліктің 51 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Апат Павлодарда болған.
Сол кезде Шабанбай прокурормен кінәсін толық мойындау туралы процестік келісім жасаған. Марқұмның жұбайына бір миллион теңгеден аса материалдық шығынды өтеп, ол екі жыл шартты жаза алып, бес жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz