Еркебұлан Тоқтар келесі жекпе-жекте Шовхал Чурчаевпен кездескісі келеді

Қазақстандық танымал ММА файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық Бобиржон Исроиловты жеңгеннен кейін келесі қарсыласының кім болғанын қалайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жекпе-жек кәсіпқой бокс ережесі бойынша екінші орта салмақта өтіп, екінші раундта аяқталды. Еркебұлан Тоқтар қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында ол келесі айқаста Шовхал Чурчаевпен жұдырықтасқысы келетінін айтты.

"Келесі қарсылас па? Мен Шовхал Чурчаевпен жұдырықтасқым келетінін бұрыннан айтып жүрмін. Алдағы уақытта бокс бағытын жалғастырғым келеді. ММА – өте ауыр спорт. Оның үстіне тордың ішінде өзіңді қамалғандай сезінесің. Ал бокста өзімді әлдеқайда еркін сезінемін. Ең бастысы – тор жоқ", – деді Тоқтар.

Еркебұлан Тоқтар — актер әрі файтер

Еркебұлан Тоқтар ұзақ уақыт бойы поп-MMA жарыстарында өнер көрсетіп, кейін кәсіпқой ММА-ға ауысқан актер әрі спортшы. Қазіргі таңда оның рекорды – 11 жеңіс және 3 жеңіліс.

2025 жылдың желтоқсанында ол кәсіпқой бокс ережесі бойынша алғашқы жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірген болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз