Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекті жеңуге бар күшін салатынын айтты. Нұр-Сұлтандағы бокс кешінің ресми баспасөз мәслихатында басқа да былғары қолғап шеберлері алдағы кездесулері туралы жоспарларымен бөлісті.
Шара басында промоутер Зия Әлиев қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, кейін 13 жекпе-жек тізімін жариялады.
Шоу қатысушыларының өнерлері Анджелина Лукасқа гүл шоқтарынан басталды. Қазақстандық спортшы оның дебютіне туыстары мен достары келетінін және бұл оған қосымша күш пен эмоция беретінін айтты.
Ержан Залилов пен Ескендір Харсан арасындағы 55,3 келі салмақтағы Қазақстан чемпионы белбеуі үшін жекпе-жек тағы бір басты кездесу болады. Спортшылар сирек сөйледі. Залилов рингтегі бокстан гөрі көптің алдында сөйлеу біршама қорқынышты екенін айтты.
"Патша қайтып оралды!" – деп бастады сөзін Жанқош Тұраров. Керемет шайқастар мен әдемі жеңістер күтетін ол барлығына сәттілік тіледі. Иван Дычко да дәл осындай стильде сөйлеп, ірі жігіттердің жекпе-жегі бокс шоуының сәніне айналады деп уәде берді.
"Бұл мен үшін маңызды. Мен өз жерімде чемпиондық атақ үшін күресемін. Келіңіздер, мені қолдаңыздар", - деді жиналғандарға Олимпиада чемпионы Елеусінов.
Оның аргентиналық қарсыласы Хуан Эрнан Леао да әлем чемпионы атағы үшін бар күшін салатынын айтты.
Айта кетейік, желтоқсанның 18-і, сенбі күні елорданың Jekpe-Jek сарайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Fight Night in Nur-Sultan шоуы өтеді.
Кештің басты оқиғасы қазақстандық Данияр Елеусінов пен аргентиналық Хуан Эрнан Леао арасындағы IBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек болмақ.
Қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко негізгі кездесуде өнер көрсетсе, оның қарсыласы ресейлік боксшы – Александр Устинов.