Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің екінші айналымында жеңіске жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған және турнирге екінші нөмірмен тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымнан босатылған болатын. Ол 1/32 финалда WTA рейтингінің 94-сатысында тұрған америкалық Тейлор Таунсендпен кездесті.
Матч екі сетке созылып, Елена Рыбакинаның жеңісімен аяқталды.
Теннисшілер кортта 1 сағат 19 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена Рыбакина бес эйс жасап, бір қос қатеге жол берді және төрт брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Үшінші айналымда қазақстандық теннисші Польша өкілі Магдалена Френхпен (WTA №41) кездеседі.
Айта кетейік, былтыр Елена Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің жартылай финалына дейін жеткен болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!