Елена Рыбакина ресейлік теннисшіні жеңіп, Брисбен турнирінің жартылай финалына шықты

Елена Рыбакина ресейлік теннисшіні жеңіп, Брисбен турнирінің жартылай финалына шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі

Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен ойнады.

Осыған дейін қарсыластар бір-ақ мәрте кездесіп, онда ресейлік теннисші жеңген екен.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте Елена брейк жасай алды.

Содан кейін есеп 4:1 болғанда, Потапова медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Елена сетті тәмамдады — 6:1. Осыдан соң Анастасия бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Жарты сағатқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 40-ракеткасы, чехиялық Линда Носковамен кездеседі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан