Елена Рыбакина маңызды турнирдың алдында ауырып қалды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирі қарсаңында сырқаттанып қалды. Әлемнің бірінші ракеткасы журналистермен жоспарланған кездесуін кейінге қалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бастапқыда теннисшінің баспасөз мәслихаты 6 қарашада АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтуге тиіс болған. Алайда кездесу келесі күнге ауыстырылды.

Журналист Шэд Пауэрстің мәліметінше, бұған Рыбакинаның өзін жайсыз сезінуі себеп болған. Әзірге қазақстандық теннисшінің денсаулығына қатысты өзге мәлімет жарияланған жоқ.

"Турнирдің қазіргі чемпионы сырқаттанып қалуына байланысты журналистер алдындағы міндеттемелерін орындай алмады. Ол жексенбіге дейін кортқа шықпайды", – деп жазды журналист.

Рыбакинаның жуырда да денсаулығы сыр бергенін ескерсек, бұл жағдай жанкүйерлердің алаңдаушылығын күшейтті. 30 қазанда қазақстандық теннисші Токиода өткен турнирдің ширек финалында канадалық Лейла Фернандеске қарсы кездесуден бас тартқан еді. Сол кезде оның мойны ауыратыны белгілі болған.

Әзірге Рыбакинаның WTA қорытынды турниріне қатыспайтыны туралы ресми ақпарат жоқ. Егер теннисші жарысқа шыға алмаса, оның орнын қосалқы қатысушылар тізіміндегі украиналық Марта Костюк басуы мүмкін.

Рыбакина WTA қорытынды турнирінде кімдермен кездеседі?

Қазақстандық теннисші бірінші топта өнер көрсетеді. Оның қарсыластары – америкалық Коко Гауфф пен Джессика Пегула, сондай-ақ, чехиялық Линда Носкова.

Рыбакинаның алғашқы кездесуі Носковаға қарсы өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні сағат 01:00-ге жоспарланған.

Еске салайық, Елена Рыбакина бұл турнирге қазіргі чемпион ретінде қатыспақ. Былтыр ол Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде жеңіске жеткен еді. Финалда қазақстандық теннисші Арина Соболенконы 6:3, 7:6 есебімен жеңген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз