Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Дохадағы WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол ширек финалда әлемнің 38-ракеткасы, 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының финалисі, канадалық Лейла Фернандеспен кездесті.
Алғашқы партияда канадалық теннисші 4:1 есебімен алда болғанымен, Елена жағдайды түзеп, 4:4 етіп теңестіріп, соңында өзі сетті түйіндеді - 6:4.
Ал екінші партияда ол қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 6:2 есебімен матчты аяқтады.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 35 минутқа созылған матч кезінде алты эйс пен екі қос қателік жасады және 11 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.
Айта кетейік, бұл матчты әлемге әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньо да трибунадан тамашалады.
Енді Елена Рыбакина турнирдің финалына шығу үшін ресейлік теннисші Анастасия Павлюченковаға қарсы ойнайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!