Елена Рыбакина Australian Open жартылай финалисін жеңді

Елена Рыбакина Australian Open жартылай финалисін жеңіп, Страсбург турнирінің жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Страсбургте өтіп жатқан турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Ол поляк спортшысы Магда Линеттті сенімді түрде 7:5, 6:3 есебімен жеңді. 1 сағат 41 минутқа созылған матч қос спортшының үшінші кездесуі.

Айта кетейік, Елена Рыбакина WTA рейтингінде 12-орында, ал Магда Линетт — 33-орында тұр.

Матчтың негізгі статистикасы (Рыбакина – Линетт):

Эйстар: 6 – 6;
Қос қателік: 1 – 2;
Брэйк-пойнттар: 2 – 0;
Жалпы ұтқан ұпайлар: 76 – 62.


Магда Линетт — Польшаның кәсіби теннисшісі, WTA турнирлерінің сегіз финалына шығып, үшеуінде жеңіске жеткен. Сонымен қатар, ол 2023 жылғы Australian Open жарысының жартылай финалына дейін жетіп, басқа ірі турнирлердің үшінші кезеңдерінде өнер көрсетті.

Жартылай финалда Рыбакина АҚШ өкілі Эмма Наварро мен Бразилиялық Беатрис Хаддад Майя арасындағы жеңімпазбен кездеседі.

Халықаралық Страсбург теннис турнирі — Францияның Страсбург қаласында мамыр айында ашық топырақта өтетін кәсіби әйелдер турнирі. 2024 жылдан бастап турнир WTA 500 санатына енеді, ал жүлде қоры шамамен 920 мың долларды құрайды. Жекелей сында 32, жұптық сында 16 қатысушы бақ сынайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!