- Негізгі бет
- Спорт
- Елдос Сметов пен...
Елдос Сметов пен басқа дзюдошылардың қарсыласы анықталды
Дзюдодан Токио Олимпиадасының жеребе тарту рәсімі аяқталып, қазақстандық спортшылардың алғашқы айналымдағы қарсыласы анықталды. Бұл жайлы Olympic.kz хабарлады.
60 келідегі Елдос Сметов Олимпиада ойындарын екінші айналымнан бастайды. Сметовтің қарсыласы – М. Аққұс (Түркия)/Намгел Нгаванг (Бутан) жұбының жеңімпазы болмақ.
Спорт журналисі Руслан Меделбектің айтуынша, қазақстандық дзюдошылардың жеребемен түскен қарсыластары өте мықты. "Отандық спортшылардың жеребеден жолы болмады, жағдайы сәтсіздеу" деген ойда.
"Елдос Сметовтың сеткасында Корея Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ким Вон Джин бар. Өтсе жартылай финалда үш дүркін әлем чемпионы жапон Наохиса Такатомен кездесуі мүмкін. Жеребе өте қиын. Ал 66 келіде Ерлан Серікжанов бірінші айналымда-ақ мықтылардың бірі Орхан Сафаровпен (Әзербайжан) кездеседі. Оны өтсе 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ломбардомен (Италия) белдеседі. Қиын-қиын", - деп бағалайды журналист.
Ал 73 келі Жансай Смағұлов Олимпиададағы алғашқы кезеңде армениялық Фердинанд Карапетянмен кездеседі.
81 келіде Дидар Хамза Токио ойындарындағы бірінші белдесуде моңғолиялық Саид Моллаимен жолығады.
90 келіде Ислам Бозбаев Олимпиада ойындарындағы алғашқы айналымда бразилиялық Рафаель Маседомен белдеседі.
Ал әйелдер арасында 48 келіде Рио Олимпиадасының жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэгтің бірінші айналымдағы қарсыласы – қытайлық Ли Янянь.
"Галбадрах 2018-2019 жылғы әлем чемпионы украиналық Дария Вилодадпен бір сеткада. Вилодадтың өзін жеңсе, жартылай финалда жапон Тонакимен белдесуі мүмкін. Қиын-қиын", - деп толықтырады пікірін Руслан Меделбек.
Қ. Слямбек