Елдос Сметов мансабына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді

Елдос Сметов мансабына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді
Фото: ҰОК

Париж-2024 Олимпиадасының жеңімпазы Елдос Сметов Олимпиада тұғырының ең биік сатысына қайта көтерілгісі келетінін айтты. Танымал дзюдошы қазір бабына келіп, татамиге оралуға дайындалып жатқанын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Спортшы мансабына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

"Мансабымды аяқтаған жоқпын. Париж-2024 Олимпиадасынан кейін біраз уақыт жарақаттармен күресіп, қалыпқа келу кезеңінен өттім. Қазір жағдайым жақсы, біртіндеп бабыма келе жатырмын. ...Қазір алдағы жарыстарға дайындалып жүрмін. Бірақ жақын уақытта нақты қай турнирде күресетінім әзірге белгісіз. Дегенмен Қытайдың Циндао қаласында өтетін гран-при турнирінде белдесуім мүмкін. Нақты шешім кейінірек жарияланады. Салмақ дәрежесін ауыстырмаймын. Алдағы уақытта да 60 келіде күресемін. Бірнеше ғана жарысқа қатысуымыз мүмкін, сондықтан рейтинг ұпайы көп берілетін ірі турнирлерде белдесу маңызды. Биыл басты додалар - Азия ойындары және әлем чемпионаты. Қай жарысқа толық дайын болсам, сол жерде ел намысын қорғап, көк Туды биікте желбіретуге бар күшімді саламын. Жас деген - жай ғана сан. Әлі де қолымнан келеді деп сенемін. Қазақ спорты тарихында жаңа белеске жеттік. Енді әлем тарихында да өз ізімізді қалдыруға болады деп ойлаймын. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Басты мақсатым - екі дүркін Олимпиада чемпионы болу", - деді Елдос Сметов.

Айта кетейік, Елдос Сметов Париж Олимпиадасындағы жеңісінен кейін әлі бірде-бір ресми жарысқа қатысқан жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget