Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарының финалында жеңіліп, күмістен алқа тақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Дзюдошы жарыстан кейін финалға баға беріп, алдағы жоспарлары туралы айтты.
"Жапониялық спортшымен бұған дейін белдесіп көрмеген едім. Өте тартысты кездесу болды. Бір сәтте қате жіберіп алдым. Ол сол мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, ұпай еншіледі. Екі жыл үзілістен кейін Азия ойындарының финалына шығудың өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Оның үстіне, алғашқы белдесуімнен бастап оңай болған жоқ. Турнир кестесі де жеңіл түскен жоқ. Корея, Моңғолия және Тайбэй елдерінің мықты дзюдошыларымен белдестім. Финалда сәл сәттілік жетіспеді. Әлі де уақыт бар, мықты болып ораламыз. Ең басты мақсатымыз - Олимпиадада тарихты жаңарту. Сонымен қатар, өз елімізде өтетін әлем чемпионаты бар. Өз жерімізде алтын медаль жеңіп алып, еліміздің әнұранын шырқату мақсатымыз", - деді ол.
Спортшы өзін қолдаған қалың жанкүйерге алғыс айтты.
"Қазақ елі, ренжімеңіздер, бұл жолы күміс болып қалды. Алдағы уақытта Олимпиадада да, әлем чемпионатында да алтыннан алқа тағуға бар күшімізді саламыз", - деді Елдос Сметов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова