"Екінші сортты ойыншылар қазынадан айлық алып отыр". Сарапшылар легионерлер туралы айтты

"Екінші сортты ойыншылар қазынадан айлық алып отыр". Сарапшылар легионерлер туралы айтты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Еліміздің футболындағы легионерлерді азайту мәселесі қызу талқыланып жүр. Көпшілік олардың мемлекет қазынасына қол сұғып, айлық алып отырғанына өкпелі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Легионерлер қазынаға қол салады, бірақ гол салмайды

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса біздің елде жылына футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінетінін айтады. Оның 111 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінген.

"Қазақтың қазынасына қол салады, бірақ гол салмайды. Қаражат қайда кетіп жатыр? Оның барлығы легионерлерді байытуға жұмсалып жатыр. Премьер-лигадағы 374 футболистердің 150-і легионер болды. Әлемдік чемпионатқа дайындалған кезде бокс, күрес,ауыр атлетиканың үшеуін қосқандағы қаражат футболға бөлінеді. Оның 80 пайызы легионерлерге жұмсалады. Осы 30 жылда салғанымыз жалғыз стадион екен. Өзбекстан футболға екі есе аз қаржы бөле отыра 10 стадион салған", – деп сынаған еді ол Мәжілістің комитет отырысында.

Спорт сарапшысы Бек Төлеуовтің пікірінше, легионерлерге шектеу енгізілуге тиіс.

"Ел футболында легионерлердің болуы -  бүкіл әлемде кең тараған практика. Олардың ел лигасында болғаны өнер көрсеткені дұрыс. Алайда біздің клубтар мемлекеттік бюджеттен қаржы алады, сол қомақты қаржыдан легионерлерге де жалақы беріледі. Бұл өз кезегінде, халықтың наразылығын тудырады. Өйткені өз ақшамызды шетел азаматтарына беріп отырмыз. Егер клубтар жекеменшік, яғни демеушілердің есебінен қаржыландырлатын болса, онда легионерлердің келгені дұрыс. Себебі, сол кезде бәсекелес орта қалыптасады. Қазір алаңда 11 ойыншы жүрсе соның бәрі шетелдік легионерлер. Бұл - үрдіс дұрыс емес деп ойлаймын. Алаңдағы 11 футболшының тек 5-екеуі легионер болуға, ал клубтың жағдайы жақсарып, мемлекеттен қаржы қажет етпейтін жағдайға жетсе, онда легионерлерді әкелуге еркіндік беруге болады", - деді Бек Төлеуов.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзінше, өткен жылдың соңында Футбол федерациясы өз тарапынан легионерлерге қатысты бірқатар өзгеріс енгізген.

"Бұрын бір командада 8 легионер болса, қазір оның санын 12-ге дейін арттырды. Онымен Туризм және спорт министрлігі келіспеді. Біз өз тарапымыздан Футбол федерациясына бұлай жасамау керегін айтып, бірнеше хат жіберген едік. Бүгінде олар қоғамдық бірлестік болғаннан кейін өздері бүкіл облыстың клубтарын жинап, дауысқа салып, бекітіп алды. Бірақ қазіргі уақытта біз Президент әкімшілігімен және Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселені қарастырып жатырмыз", - деген еді Серік Жарасбаев Мәжілістің комитет отырысының куларында. 

Спорт журналисі Аслан Қаженов қазынадағы ақша - Қазақстан деген елден шығып, басқа елге кетіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, егер бұл үрдіс жалғаса берсе, қазақ балаларынан кәсіби футболшы шығаруға кедергі болмақ.

"Иә, кейінгі кезде легионерлерге шектеудің алынуы қызу талқыланып жүр. Яғни, бұдан былай жасыл алаңда қаракөздер азайып, келімсектер көбейеді. Сәйкесінше, онсыз да ауаға ұшып жатқан қыруар қаржы енді еселеп артады деген сөз. Айналып келгенде, бұл – сіз бен біздің ақшамыз. Яғни, мемлекеттен бөлінетін ақша. Қазақстан деген елден шығып, басқа елге кететін ақша", - дейді ол.

Сарапшы бұл легионерлер лимитін алып тастау мәселесі қайдан шыққанын айтты.

"Біз Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтан легионерлер мәселе бойынша жауап алдық. Ол бірер жыл бұрын шетелден мамандардан шақырылып арнайы зерттеу жасалғанын айтты. Мәселеге қатысты сараптама жасалып, соның негізінде бірнеше жоба құрылған екен. Оның ішінде легионерлердің лимитін алып тастау мәселесі қарастырылған. Бірақ спорт журналисі ретінде бұл мәселені тереңірек ұға алмағанымды айттым. Мен одан бөлек, спорттағы инфрақұрылым, балалар футболын дамыту секілді дүниелерін барын айттым. Еуропа солай екен деп футболымыздың іші мен сыртындыға бірқатар мәселемізді ұмытуға болмайды ғой. Біздің өз менталитетіміз бен ерекшелігіміз бар", - дейді Қаженов.

 Әйгілі лигаларда легионерлер мәселесі қалай шешілген?

"Бізге көбіне немістердің бундеслигасын және ағылшын премьер лигасын мысалға келтіріп жатады. Алайда, олардың легионерге арналған нақты талаптары бар. Мәселен, ол футболшылар өз мемлекеттерінің ұлттық құрамасында ойнауы керек және белгілі бір көлемдегі матч өткізуге міндетті. Сонымен қатар, футболшылардың жасы белгілі бір жастан аспауы керек. Ал, бізде мұндай ереже мен талап та жоқ. Мысалы, жасы 25-тен аспаған, екіншіден кемі өткен маусымда 40 ойын өткізген футболшыларды шақырайық. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ойыншылар келеді. Алайда, қазір кәкір-шүкір 3-4 сортты ойыншыларды жинап алып отырмыз. Еуразиялық одақ елдерінен келетін футболшылар ағынын жинап алдық, ол отандық футболдың дамуына ешқандай септігін тигізіп жатқан жоқ", - дейді Аслан Қаженов.

Аслан Қаженовтың айтуынша, қазіргі таңда Мәжілісте спорт саласына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы (Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ нормаларды шектен тыс (шектен тыс) заңнамалық реттеуді алып тастау туралы) қаралып жатыр. Онда жалпы, спорт саласындағы легионерлерді қаржыландыру мен қызметі нақты реттелетіп жатыр дейді ол.

"Бүгінге дейін заң жобасы бойынша 4 кездесу өтті. Мен сол жұмыс тобының мүшесімін. Заң жобасында легионерлеге мемлекеттік бюджеттен айлық бермеу қарастылып жатыр. Егер клубтар легионер алғысы келсе, сырттан инвестор немесе демеуші тартуы керек. Сонда шынайы кімнің легионерлерге қызғушылығы бар-жоғы ашық көрінеді. Бірер айда заңның нақты тоқтамы шығады деп ойлаймын", - дейді Қаженов.

Жасұлан Ордабаев

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz