- Негізгі бет
- Спорт
- Екі пенальти құтқармады....
Екі пенальти құтқармады. Жартылай финалға шыққан соңғы құрама анықталды
Футболдан Катардағы әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан соңғы құрама белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ширек финал аясында Англия мен Франция құрамалары күш сынасты. Ойын француздардың голымен басталды. 17-минутта Орельен Тчуамени алыстан соққы бағыттап, жақын бұрышты дәл көздеді.
Ал екінші таймның басында Харри Кейн пенальтиден гол соғып, таразы басын теңестірді. Алайда матчтегі үшінші голды тағы да Франция ойыншылары соқты. Сол қанаттан асырылған допты Оливье Жиру басымен қақпаға дәл бағыттады.
Ойындағы шешуші сәт 84-минутта болды. Ағылшындар тағы да пенальти орындауға мүмкіндік алған. Бірақ нүктеге екінші рет келген Кейн допты қақпадан биікке жіберді. Осылайша, Франция құрамасы 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты.
Енді финалға берілер жолдаманы Марокко құрамасымен сарапқа салады. Жартылай финалдағы алғашқы матчте Аргентина мен Хорватия құрамалары кездеседі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш