Мәскеу маңындағы Химки қалалық соты америкалық баскетболшы Бриттни Грайнерді тоғыз жыл бас бостандығынан айырып, контрабанда үшін 1 миллион рубль айыппұл төлеуді міндеттеді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Сот шешімі бойынша Грайнер абақтыға қамалады.
Басылым мәліметінше, спортшы кінәсін толық мойындап, Ресейде тыйым салынған затты емдік мақсатта қолданатынын айтқан. Яғни, Аризона штатында Грайнердің дәрігері марихуананы емдік мақсатта қолдануға рұқсат берген екен.
Тек Ресейге шығар алдында заттарын тез жинағандықтан, тыйым салынған зат киімдерінің арасында қалып кеткен көрінеді. Осыған қатысты ол УГМК командасы мен ата-анасынан кешірім сұрайды.
Еске салайық, ақпан айында Нью-Йорктен Мәскеуге ұшып келген америкалық баскетболшыны Шереметьево әуежайында полиция қызметкерлері тұтқынға алған еді.
Грайнер - әлемдегі ең беделді баскетболшылардың бірі. Ол АҚШ құрамасының сапында екі рет Олимпиадада жеңсе, 2014 жылы Финикс сапында WNBA чемпион атанды. 2015 жылдан бастап Екатеринбургтің УГМК командасында ойнаған.