Қазақстан футбол құрамасының вингері Дастан Сәтбаев 2026/27 жылғы маусымды Англия Чемпионшипінде өнер көрсететін "Бёрнли" сапында өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Челсимен" 2033 жылға дейін келісімшарт жасасты
14 тамыз кешінде Дастан Сәтбаевтың "Челсимен" 2033 жылға дейін келісімшартқа отырғаны белгілі болды. Ал 2026/27 жылғы маусымды ол "Бёрнлидің" "Терф Мур" стадионында өткізеді.
Қазақстандық футболшы маусым алдындағы дайындық кезінде "Челсимен" бірге Аустралия мен Азияға сапарлап, негізгі құраммен тәжірибе жинады. Тур аясында ол төрт матчке қатысып, "Вестерн Сидней Уондерерс" клубына қарсы жеңісті ойында гол соқты.
Осыдан кейін Англияның күші жағынан екінші дивизионы саналатын Чемпионшипте ойнайтын "Бёрнли" 18 жастағы шабуылшыны 2026/27 жылғы маусымға жалға алды. Жалға алу құны 350 мың еуро болған. Келісімде ойыншыны кейін сатып алу құқығы қарастырылмаған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Бёрнли" үшін тарихи 145-маусым
Өткен маусымда Премьер-лигадан түсіп қалған "Бёрнли" өзінің 145-маусымын Чемпионшипте өткізеді.
Клуб 1882 жылғы 18 мамырда құрылған және Англиядағы алғашқы кәсіби футбол клубтарының бірі саналады. "Бёрнли" ел чемпионы атағын екі рет - 1920/21 және 1959/60 маусымдарында жеңіп алған. Сондай-ақ 1913/14 маусымында Англия кубогын иеленіп, 1960 және 1973 жылдары Суперкубокта топ жарған.
Бұдан бөлек, "Бёрнли" Англиядағы төрт кәсіби дивизионның бәрінде чемпион атанған бес клубтың қатарына кіреді.
Клубтың кейінгі тарихына келсек, XXI ғасырда "Бёрнли" Англияның жоғарғы лигасында 10 маусым ойнаған. 2016 және 2023 жылдары Чемпионшип чемпионы атанса, 2009, 2014 және 2025 жылдары жоғары дивизионға жолдама алған.
"Бёрнлидің" 2026/27 жылғы маусымы
Қазір команданың ең қымбат ойыншыларының қатарында Англия Премьер-лигасының алпауыт клубтарының академиясынан шыққан жас футболшылар бар. Солардың бірі - "Челси" академиясының түлегі, орталық қорғаушы Башир Хамфрис. Екіншісі - "Манчестер Юнайтедтен" шыққан шабуылдаушы жартылай қорғаушы Ханнибал Межбри.
Сонымен қатар, өткен маусымда Премьер-лигада 11 гол соққан орталық шабуылшы Зиан Флемминг пен "Манчестер Ситидің" бұрынғы ойыншысы, оң қаптал қорғаушысы Кайл Уокерді атап өтуге болады.
Жуырда команданың тізгінін Ники Хайен ұстады. Бельгиялық маман 2026 жылғы 10 шілдеде "Бёрнлидің" бас бапкері болып тағайындалып, клубпен үш жылдық келісімшартқа қол қойды.
45 жастағы бапкер бұған дейін Бельгияда "Брюгге" мен "Генк" клубтарында жұмыс істеген.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Еске салайық, Дастан Сәтбаевтың ағылшын футболындағы ресми дебюті ертең, чемпионаттың бірінші турындағы "Вест Хэмге" қарсы матчте болуы мүмкін. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Маусымға 24 команда қатысады, олар бір-бірімен бір реттен ойнайды. 46 турдың қорытындысы бойынша ең үздік екі клуб АПЛ-ға тікелей жолдама алады, ал 3-6 орындар плей-офф кезеңінде соңғы жолдаманы сарапқа салады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz