Грек-рим күресінің шебері Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Отандасымыз 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Финалда ол осыған дейін U23 санатында әлем чемпионы атанған әзербайжандық Эльмир Алиевтен басым түсті.
Айбек Айтбеков финалға дейінгі белдесулерде ресейлік Алибэк Амировты, жапониялық Сэйма Токухараны және украиналық Евгений Поковбаны жеңді.
Айта кетейік, Айбек Айтбеков биыл 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен Азия чемпионатында да тұғырға көтерілген еді.
Айбек Айтбеков/UWW
Кейінірек Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында екінші алтын медалін жеңіп алды.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Юсуф Ашрапов жеңіс тұғырына көтерілді. Финалда отандасымыз армениялық Гаспар Тертерянды жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова