Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлы қандай шешім қабылдады?

Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлы қандай шешім қабылдады?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Boxingscene.com сайты орта салмақта әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының жағдайына тоқталды. Портал "Б" сынамасында да тыйым салынған препарат анықталған жағдайда, боксшы үшін оның салдары қандай болатынын алға тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаның мән-жайы

Желтоқсанда Жәнібектен алынған допинг-сынамадан тыйым салынған мельдонийпрепараты анықталғаны белгілі болды. Бұған байланысты WBO ұйымы ішкі тергеу бастаған, ал 7 желтоқсанға жоспарланған Әлімханұлы мен WBA чемпионы Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек кейінге қалдырылған еді. Енді "Қазақ стилі" "Б" сынамасының нәтижесін күтіп жүр.

BoxingScene мәліметінше, Жәнібек пен оның командасы екінші сынаманың ашылуы мен талдану рәсіміне тікелей қатысады. 

"Бұл процедура 8 қаңтарға белгіленген. Осы талдаудың қорытындысына қарай аталған іс бойынша қандай шешім қабылданатыны нақтыланбақ.

Допинг сынамасының алғашқы нәтижесі қолайсыз болған жағдайда спортшы "Б" сынамасын тексеруді талап етуге құқылы. Алайда тәжірибеде екінші сынаманың нәтижесі алғашқысына қайшы келетін жағдайлар өте сирек кездеседі.

Соған қарамастан, бокс тарихында сынаманың ластануы немесе оны сақтау мен тасымалдау барысында жіберілген қателіктер дәлелденіп, спортшылар ақталған кездер де болған.

Қазір Жәнібек Әлімханұлының тағдыры тергеу жүргізіп жатқан тараптардың шешіміне тікелей байланысты. Егер ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алмаса, IBF және WBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылып, дисквалификация қаупі күн тәртібінде тұр", – деп жазды сайт.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget