Дмитрий Баландин Түркиядағы турнирде топ жарды

Дмитрий Баландин Түркиядағы турнирде топ жарды
Фото: olympic.kz

Жүзуден Түркияда өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші жарыс күні аяқталды. 200 метрге брасс әдісімен жүзуде отандасымыз Дмитрий Баландин жеңіс тұғырынан көрінді.

Олимпиада чемпионы аталған қашықтықты 2 минут 10.11 секундта жүзіп өтті. Риодағы төртжылдықтың басты додасында ол 200 метрді брасс әдісімен жүзуді 2:08,20 минутта жүзіп өткен еді.

Түркиядағы турнирде қазақстандық өзге спортшылар да бақ сынауда. 50 метрге еркін әдіспен жүзуде Александр Варакин топ жарса, 200 метрге "баттерфляй" әдісімен жүзуде Әділбек Мусин бесінші орынға табан тіреді.

100 метрге шалқалап жүзуден Әділ Қасқабай төртінші орын иеленді. Әйелдер арасындағы осы қашықтықта Анастасия Резанцева алғашқы төрттіке енді. 

Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар төрт медаль жеңіп алған болатын. 

 

Н. Үсенова