Демеу Жадыраев Азиаданың ширек финалында Олимпиада чемпионынан жеңілді

Демеу Жадыраев Азиаданың ширек финалында Олимпиада чемпионынан жеңілді
Фото: ҰОК/Владислав Семенов

Грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының ширек финалында жеңіліп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Демеу Жадыраев Жапония өкілі Нао Кусакамен белдесті. Тартысты өткен кездесуде жапониялық балуан 11:9 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, қазақстандық балуан жартылай финалға шыға алмады. Оның жарысты әрі қарай жалғастыруы Нао Кусаканың нәтижесіне байланысты. Жапон балуаны финалға жолдама алса, Демеу Жадыраев жұбаныш белдесулері арқылы қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, Демеу Жадыраев пен Нао Кусака 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының финалында да кездескен еді. Сол жолы жапон балуаны 5:2 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленсе, Қазақстан өкілі Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget