Әйгілі балуан, спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов Азия күрес кеңесінің (UWW Asia) президенті қызметіне қайта сайланды. Алматыда өткен Азия күрес кеңесінің Бас ассамблеясында қатысушылардың бірауызды дауысына ие болды.
Ассамблеяға Біріккен күрес әлемінің президенті, ХОК Атқару комитетінің мүшесі Ненад Лалович (Сербия), UWW вице-президенттері Михаил Мамиашвили (Ресей) және Ахролжан Рузиев (Өзбекстан), сондай-ақ UWW мүшесі қатысты. Дәулет Тұрлыханов төртжылдық мерзімге қайта сайланды.
Айта кетейік, қазақстандық маман алғаш рет бұл қызметке 2017 жылдың мамыр айында Нью-Делиде өткен конгресте сайланған болатын.
Дәулет Болатұлы Тұрлыханов 1963 жылы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Олимпиада ойындарының күміс (1988 ж) және қола (1992 ж) жүлдегері. Әлем чемпионы, Еуропа және Азия чемпионаттарында топ жарған. КСРО чемпионатын жеті рет қатарынан жеңіп алған жалғыз балуан.