TransferRoom порталы 21 жасқа дейінгі ең мықты ойыншылардың рейтингін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тізімнің көшін "Қайраттың" және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев бастады. 17 жастағы ойыншы 88,6 деген рейтинг алды. Қазір чемпионаттың орташа рейтингі бойынша оның көрсеткіші - 65,6 балл.
Екінші орынға Гондурас құрамасы мен "Олимпия" клубының 18 жастағы форварды Дерек Монкада жайғасты: оның бағасы - 86,7, ал турнирдің орташа көрсеткіші - 64,4.
Үздік үштікті Боливияның "Боливар" клубының 18 жастағы қорғаушысы Эсклейсон Фрейта түйіндеді: рейтингі 87,1, ал чемпионат бойынша орташа мәні - 64,8.
"2026 жылы осы перспективалы жұлдыздарды назарда ұстаңыз. TransferRoom деректерін пайдаланып, әлем бойынша өз лигасындағы ойыншылардың орташа рейтингімен салыстырғанда әлеуеттік рейтингі арасындағы айырмашылығы ең жоғары жас футболшыларды салыстырдық. Олардың әлеуеттік рейтингі қазіргі деңгейі Йозуа Киммих (90,6), Усман Дембеле (88,5) және Рубен Диас (88,4) сияқты жұлдыздардың деңгейімен шамалас", - делінген жазбада.
Айта кетейік, Дембеле - 2025 жылғы "Алтын доптың" иегері. Ал Сәтпаевтың нәтижесі француз жұлдызының көрсеткішінен жоғары.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz