18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтандағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде шаршы алаңға шығуы керек болған мексикалық боксшы Данте Хардон (41-7, 25 КО) жарақат алып қалды. Онымен жұдырықтасатын отандасымыз Данияр Елеусіновке басқа қарсылас іздеуге тура келді.
Данте Хардон жаттығу кезінде қолын сындырып алған. Дәрігерлер оның жекпе-жекке шығуына шектеу қойды.
«Қатты ренжулімін. Бірақ бұл – спорт. Жаттығу кезінде қолымды сындырып алдым, дәрігерлер жекпе-жекке шығуға қарсы болды. Бұл чемпиондық атақ үшін жұдырықтасуға берілген зор мүмкіндігім еді. Даниярға сәттілік тілеймін, бәлкім жақын арада шаршы алаңда жолығып та қалармыз», - дейді мексикалық боксшы.
Қазіргі таңда Данияр Елеусіновке жаңа қарсылас іздестірілуде. Бокс кешін «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.