Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов ішімдікке салынғанын мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Данияр Елеусіновтің айтуынша, 2016 жылғы Олимпиададағы жеңісінен кейін ішімдікке әуестігі тәуелділікке ұласқан.
"Иә, мойындаймын. Олимпиададан кейін ішімдікке жақындығым, әуестігім бар. Бұл ауруға қалай жолыққанымды білмеймін. Бірақ өз басына келмегеннен кейін түсінбейді. Өз бастарыңызға келмей, сынай бермеңіздер. Кезінде жас болғанда мен де күлгенмін. Бірақ мұндай жағдай күлген адамның басына келеді. Кейбіреулер мені "алқаш" дейді. Иә, не болыпты?! Бірақ соған қарамастан Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы болып қалдым. Өз ісімді әрі қарай жалғастырып жатырмын. Ақталмаймын..." - деді ол.
Еске салайық, спортшы 9 шілдеде мас күйде көлік жүргізіп, жол апаттарына себеп болғаны үшін ұсталған болатын. Астана қаласының әкімшілік соты Данияр Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты салдарынан бірнеше көлікке зақым келген. Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген Данияр Елеусінов бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан бой тасалаған. Дегенмен спортшы көп ұзамай ұсталды.
Данияр Елеусінов - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, сондай-ақ, 2013 және 2015 жылдардағы Азияның екі дүркін чемпионы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!