Қазақстандық әуесқой-боксшы Данияр Елеусінов Астанада 80 мың теңге жалақыға жаттықтырушы болып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы "№3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекеме өкілдері хабарлады. Данияр Елеусінов мекемеде жаттықтырушы болып жүр.
Спортшының жалақысы - 80 249 теңге (жарты ставка бойынша жұмыс істейді).
Мекеме өкілдері Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес жұмыс берушілерге ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, өз қызметкерлеріне еңбек қызметінің қашықтықтан нысанын белгілеуге рұқсат етілетінін атап өтті.
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 қарашадағы № 106 "дене шынықтыру-спорт ұйымдары түрлерінің тізбесін және спорт резервін және жоғары сыныпты спортшыларды даярлау жөніндегі оқу-жаттығу процесі жүзеге асырылатын олардың қызметі қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының 27-тармағына сәйкес, оқу-жаттығу топтарында, спорттық жетілдіру топтарында және жоғары спорттық шеберлікті спорт түрінен негізгі жаттықтырушы-оқытушы жүргізеді. Бұл ретте оқу-жаттығу процесіне көмек көрсету үшін қосымша жаттықтырушы-оқытушы тартылады. Данияр Елеусінов дәл осындай қашықтан жұмыс істейтін көмекші-қызметкер. Бұл жергілікті бокс мектебінің тарихи қалыптасқан жұмыс түрі, әдістемелік жұмыс үшін чемпиондарды тарту. Дәл осындай жағдайларда Халзова Валентина мен Марина Вольнова жұмыс істейді", - дейді мекеме өкілдері.
Айта кетейік, Елеусінов - қазақстандық әуесқой-боксшы, 2016 жылғы Бразилиядағы Олимпиада ойындарының чемпионы, Азиада-2010 жеңімпазы, 2013 жылғы Алматы қаласында өткен Әуесқой бокстан 69 келі салмақта әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз