Данияр Елеусінов бостандыққа шықты

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаннан кейін бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спортшы 28 шілдеде кешке қарай шыққан. Оны әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнының қақпасы алдынан жары мен достары күтіп алды.

"Оқиғаға қатысты айтар болсам... болары болды. Бұған қатты өкінемін", - деді Данияр Елеусінов Tengrinews.kz тілшісіне.

Tengrinews.kz: Нұрлан Алжабаев

Осыдан кейін Данияр Елеусінов өзін күтіп алғандармен бірге көлікке қарай бет алып, кетіп қалған.

Бұған дейін не болды?

Еске салайық, спортшы 9 шілдеде мас күйде көлік жүргізіп, жол апаттарына себеп болғаны үшін ұсталған болатын. Астана қаласының әкімшілік соты Данияр Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты салдарынан бірнеше көлікке зақым келген. Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген Данияр Елеусінов бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан бой тасалаған. Дегенмен спортшы көп ұзамай ұсталды.

Данияр Елеусінов - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, сондай-ақ, 2013 және 2015 жылдардағы Азияның екі дүркін чемпионы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!