Сенбі, 30 мамыр күні Чемпиондар лигасының финалында франциялық "Пари Сен-Жермен" мен лондондық "Арсенал" өзара мықтыны анықтайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шешуші матч Венгрия астанасы Будапешттегі «Пушкаш Арена» стадионында өтеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 20:50-де басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы мен арнаның ресми сайтынан көруге болады.
Лондондық клуб Чемпиондар лигасының жалпы кезеңін бірінші орынмен аяқтады. 1/8 финалда "Арсенал" леверкузендік "Байерден" екі матч қорытындысы бойынша 3:1 есебімен басым түсті. Кейін лиссабондық "Спортингті" 1:0 есебімен ұтты. Ал финал жолдамасы үшін өткен ойында мадридтік "Атлетиконы" 2:1 есебімен жеңді.
Париждіктер топтық кезеңде 11-орын алып, плей-оффты 1/16 финалдан бастады. Алдымен "Монаконы" екі матч қорытындысы бойынша 5:4 есебімен жеңсе, кейін "Челсиді" 8:2 есебімен айқын ұтты. Ширек финалда "Ливерпульді" екі рет 2:0 есебімен қапы қалдырды. Ал жартылай финалда "Бавариямен" тартысты ойын өткізіп, екі матч қорытындысы бойынша 6:5 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, "Арсенал" өз тарихында Чемпиондар лигасының финалында екінші рет ойнағалы отыр. Лондондық клуб осыдан 20 жыл бұрын өткен финалда "Барселонадан" 1:2 есебімен жеңілген еді.
ПСЖ үшін де бұл – турнир тарихындағы екінші финал. Париждік клуб былтыр шешуші ойында "Интерді" 5:0 есебімен ойсырата ұтып, бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Бұған дейін ағылшындық "Кристал Пэлас" Конференция лигасының финалында испаниялық "Райо Вальеканодан" басым түскені хабарланған еді.
Ірі есептегі жеңіс Еуропа лигасының жеңімпазын анықтады
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз