Чемпиондар лигасында қақпашы баспен гол соқты

Чемпиондар лигасында қақпашы баспен гол соқты
Фото: @OfficialSSLazio

"Лацио" командасының қақпашысы Иван Проведель Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі бірінші ойында "Атлетико" қақпасына гол соқты. Ол соққан гол командасын жеңілістен құтқарып, 1 ұпай алуына сеп болды. 

Римде өткен ойында бірінші болып мадридтік команда есеп ашты. 29-минутта Пабло Барриостың тепкен добы алаң иелері қақпасы торында тулады. Ал ойын аяқталар тұста Иван Проведель баспен гол соғып, жанкүйерлері мен командасын қуантты. 

Мен бұл голды соққанымды әлі сезіне алар емеспін. Осы кешті ұмытпайтыным анық. Мұндай гол соғуды Иммобиледен үйрендім деуге болады. Мен тәуекелге бардым, сәттілік серік болды, - деді қақпашы Sky Sports эфирінде. 

Иван Проведель Чемпиондар лигасында ойыннан гол соққан екінші қақпашы. Бұған дейін 2009 жылы Бельгияның "Стандарт" клубында ойнайтын түрік қақпашысы Синан Болат АЗ қақпасын тура көздеген еді. 

Егер Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін де қосар болсақ, соңғы рет гол соққан қақпашы - Винсент Эньема. Ол 2010 жылы "Хапоэль" мен "Зальцбург" арасындағы ойында пенальтиді сәтті орындаған болатын. 

Жалпы Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңімен қоса алғанда 5 қақпашы ғана гол соққан. Жоғарыда атап өткендерден бөлек, Ханс-Йорг Бутт 3 гол, Димитар Иванков 2 голды еншісіне жазған. Екі қақпашы да голдарын пенальтиден соққан.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай