Чемпиондар лигасында алғаш рет өнер көрсетіп жатқан Италияның "Комо" клубы жалпы кезеңнің төртінші турында Францияның "Ланс" командасын 9:1 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Италиялық ұжым бірінші таймның өзінде үш гол соқты. Грекиялық шабуылшы Анастасиос Дувикас хет-трик авторы атанды.
Кездесудің жетінші минутында Дувикас Максимо Перроненің пасынан кейін есеп ашты. 32-минутта ол Алекс Вальенің нәтижелі пасын голға айналдырып, дубль жасады. Үзіліске дейін Дувикастың пасынан кейін Нико Пас "Комоның" үшінші голын соқты.
Екінші таймда италиялық клуб қарсыласының қақпасына тағы алты доп енгізді. 47-минутта Лукаш Да Кунья, 54-минутта Марк-Оливер Кемпф мергендік танытты. Арада үш минут өткенде Дувикас үшінші голын соғып, хет-трик рәсімдеді.
62-минутта Маттия Либерали есепті 7:0-ге жеткізді. "Ланс" сапынан Рубен Агиллар 65-минутта бір голмен жауап қайтарды. Алайда төрт минуттан кейін Мартин Батурина "Комоның" сегізінші добын соқты.
Кездесудің соңында Маттео Паппаччоли қорытынды есепті белгіледі — 9:1.
"Комо" Чемпиондар лигасы тарихында cырт алаңда ірі есеп айырмасымен жеңіске жеткен ұжым ретінде рекорд орнатты. Сондай-ақ Сеск Фабрегас жаттықтыратын команда турнирдегі италиялық клубтар арасында бір матчта соғылған гол саны бойынша да рекорд орнатты.
О. Сансызбай