Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан командалар толық белгілі болды. Екінші күнгі қарымта ойындар қорытындысы бойынша "Реал Мадрид" (Испания) пен "Манчестер Сити" (Англия) жарысты жалғастырады.
Дортмундта өткен қарымта ойында да "Манчестер Сити" жеңіске жетті. Дәл бірінші ойындағыдай 2:1 есебі тіркелді. Бірінші болып "Боруссия Д" сапынан 17 жастағы Джуд Белингхем есеп ашқанмен, екінші таймда ағылшындық клубтың асығы алшысынан түсті. 55 минутта Рияд Марез пенальтиден таразы басын теңестірсе, 75 минутта Фил Фоден "Манчестер Ситиге" жеңіс сыйлаған голды соқты.
Жартылай финалға шыққан "Манчестер Сити" Париждің ПСЖ клубымен кездеседі. Командалар арасындағы бірінші ойын 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түні өтеді.
"Ливерпуль" өз алаңында "Реалмен" тең ойнады. Бұл ойында гол соғылған жоқ. Бірінші ойында мадридтік команда 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Соның нәтижесінде Зиннедин Зидан шәкірттері жартылай финалға жолдама алды.
1/2 финалда "корольдік клуб" Лондонның "Челсиімен" кездеседі. Командалар арасындағы бірінші ойын 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түні өтеді.